«Ауылдық жерде тұрамын. Елді мекенге шеге мен тікен сымның қажеті жоғары. Шарбақ істейді, әйтеуір, бір шеге қағатын жер табылады. Ал тікен сым алқап қоршауға таптырмас нәрсе. Міне, сондықтан осы жабдықтарды неге өзіміз жасамасқа?! Шикізаты да таныс, технологиясы да белгілі деген ой келді. Осылай іске кірістім» дейді қармақшылық жас кәсіпкер Ерсін Өтепов.

Тыңнан түрен салуды көздеген жас бүгінде ойға алған жоспары бойынша білек түре іске кіріскен. Шағын ғана цехта тікен сым мен қоршауға арналған тор, шеге секілді ауыл шаруашылығына қажетті материалдар шығаруда. Күн жылынып, шаруалар жұмысы қызған шақта цехтың да тірлігі көбейеді. Сұраныс та осы уақытта артады. Мұндай құрылыс заттары аймақта шығарыла бастағанына көп болмады. «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерліктің алғашқы әліппесін оқыған Ерсін «Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы» арқылы 5 млн теңге несие алды. Бұл қаражатқа Қытайдан өз қолымен өндіріске қажетті құрал-жабдықтар сатып әкелді. Ол жақтан аталған технологияның да тілін меңгеріп келді. Әп-сәтте кәсіпті игеріп кетуіне ұсталықтың қанында барынан да шығар. Арғы аталары елге белгілі ұста болып, шеберлігімен танылған. Өмірлік ұстазына айналған әкесі де отбасының нәпақасын ұсталықпен тапты.
– Бұл қасиет маған қаннан берілсе керек. Бала күнімнен темірден әйтеуір бір зат жасауға бейім едім. Соның бәрі осы кәсіпті қолға алуыма себепші болды. Негізгі мамандығым – инженер-механик. Қазір мұндай жобамен облыста бірнеше адам айналысады. Ал мен бастаған кезде баламасы болмаған. Тек еліміздің 5-6 өңірінде ғана бар еді. Уақытында саланы әбден зерттедім. Әуелгіде шеге өндірісін мақсат еткеніммен, кейін бір бағытпен шектелмей, қоршауға арналған тор мен тікен сымды қоса қамтыдым. Қазір аяқалысымыз жаман емес, қондырғымыз бір сағатта тікен сымның 70-80 метрін шығарса, тор қоршаудан 60-70 метр өнімді дайын күйінде шығарады, – дейді ынталы жас.
Өнім өндірудегі шикізат сым ғана. Оның да түр-түрі бар. Ерсін оны да меңгеріп алған. «Бізге қажетті сымды Қазақстанда бірнеше зауыт шығарады. Ал мен көбіне Қытай мен Ресейден алдыртуға тырысатынмын. Себебі еліміздегі бағамен шетелдегі бағада айтарлықтай айырмашылық бар. Қазір саяси ахуалға байланысты сымды Алматыдан алып отырмын. Аудандардан тапсырыс жиі түседі. Одан бөлек көрші облыстардан да тапсырыс аламыз, – дейді жас кәсіпкер.
Түптеп келгенде экономиканы дамытудың алғышарты – өзімізге қажеттіні өзіміз өндіру. Бұл бағытта өңірде ауқымды жұмыс атқарылуда. Ерсіннің құрылыс заттары да жан-жаққа танылып үлгерген.


Аян СПАНДИЯР

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!