Тарих төрінен алтын әріптермен орын алған атақты Лапиндер мен Қожықовтардың кіндік қаны тамып, табанының табы қалған қасиетті топырақ Қоғалыкөл жері – құнды жәдігерлерге толы. Қойнауында сырлы шежіресі мол алақандай ауылда сонадайдан Құлболды Ишан бабаның күмбезі менмұндалайды. Алтай мен Атырау арасындағы атын жалғар бала сұраған, жанына пана сұраған талайлар баба басына келіп, арман-тілектеріне жетіп келеді. Бүгінде баба басындағы үйдің төрінде ілулі тұрған шапан бабаның қалған мұрасы ретінде сақталған. Осында келген жұртшылық тәбәрік деп, шапанның төменгі жағынан кесіп алып кетіп жүреді.

Өткен күннен бір белгі...

– Құлболды Ишан бабамызға бұл шапан Меккеде берілген екен. Ишан атағын алған сол кезде асатаяқ, мөр және шапан берілген. Бүгінде шапан төрде ілулі тұр. Оның кеңдігі де бөлек. Бабамыз оны айт намазында киетін болған. Шапаны сүйретіліп, асатаяғын ұстаған бабамыздың әрбір әрекеті ел ішінде аңыз боп айтылады. Қазақстанның барлық өңірлерінен келушілер бар. «Алла тағала ниетіңе қарай береді» дейді ғой, он жылдап құрсақ көтере алмаған талайлар жылдар айналып, кішкентай нәрестесімен келіп, тіпті, тұсауын да осында кестіріп жатады. Бабамыздың шарапаты тиген тұстар жетерлік. Тіпті, ауыр науқасқа, қатты бір дертке шалдыққандар да келеді. Олардың бірнеше жылдан соң баба басына түнеп кетейін деп келдім, ауруымнан құлан таза айықтым дегендерін көргенде қуаныштан көз жасымызға ерік бермейміз. Иә, осындай ерекше жағдайлар жетерлік, – дейді шырақшы Абылаева Әсия Мәдібекқызы.
Құлболды Ишан бабамыздың үш ұлы болған. Омар, Әбубәкір және Пазыл. Пазыл – әкесінің ізін басып, Ишан болған кісі. Қарашаңырақта болған. Ол кісінің көріпкелдік қасиеті болыпты. Адамдардың алыстан шын ықыласымен келе жатқанын біліп отырады екен. Құлболды бабамыздың барлық қасиеті Пазыл Ишанға қонған. Бүгінде қарашаңырақтың түтінін түтетіп отырған Әсия Мәдібекқызы жұртшылыққа шарапаты тиіп жүрген баба басында шырақшы болып отырғанын мақтан етеді.
– Қанша жанның қуанышына куә болдым. Біреулер бала сұрайды, біреулер дертіне шипа сұрайды. Олардың әрбірінің Алладан қол жайып, бабадан жәрдем сұрағаны орындалып жатса, мен үшін үлкен қуаныш, үлкен мақта­ныш. Қалай болғанда да тілегенінің орындалуы адам баласының ниетіне, ықылас-пейіліне байланысты, – дейді шырақшы ана.
Иә, бабадан қалған аңызға бергісіз оқиғалар жеткілікті. Бір шапаннан туған ой талай ұрпаққа өткеннен қалған бір белгі болары сөзсіз. Мұндай үлгідегі жәдігерлер Қоғалыкөлде жетерлік. Расында, кешегі күннен қалған жәдігерлер тарих толқынындағы талай оқиғадан сыр шертеді. Сөзіміздің дәлеліндей болсын, осындай тағы бір көне жәдігер Ыдырысовтар әулетінде. Ғасырдан аса тарихы бар құты сақтаулы тұр. Құтының сыртында «Оть Туркестанского генераль-губернатора. 1882 г.» деген жазу қашалып жазылған. Сырты күмістен жасалған ыдыстың ішіне алтын жалатылыпты. Сондай-ақ, «Грачевь» деген жазу бар. Бұл ұстаның тегі болса керек.
– Сонау 1932 жылғы ашаршылықта ел бас сауғалап жоғарыға үдере көшкен кезде үлкен атамыз бен әжеміз қызын амалсыздан балалар үйіне өткізіп жіберген екен. Бір таңданарлығы, баласын қалдырса да өзімен бірге көне жібек шапан мен алтын жалатылған құтыны тастамапты. Ташкентке барғанда да сатпай, елге қайтып әкелген, – деді қарашаңырақтың келіні, ақ жаулықты ана Әсия Хамзақызы.
Бүгінде сол елге өздерімен бірге ала келген жәдігерлер көненің көзі болып, төрінде сақталып тұр. Бұл күнде сол уақыттан естелік болып қалды. Ал, алтын жалатылған құтыдан әрбір мереке сайын әулет мүшелері жиналып, ырымдап су ішеді.
– Бұл шапанның кеңдігі де едәуір үлкен. Кейде біз кейінгі адамдар аласарып, ұсақталып бара жатқан жоқпыз ба деп ойланамын. Киіп көргенде кәдімгідей ішіне сүңгіп кетеміз. Иә, осындай бір ерекше құндылықтарды алып қойдық. Бұл – ұрпаққа мұра, бабадан – аманат, – дейді қарашаңырақ перзенті Талғат Ыдырысов.

Дәулет ҚЫРДАН,
Сырдария ауданы.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!