Фото: ru.freepik.com
Дәрігер-психиатр, психотерапевт Арайлым Шыңғысханқызы «Мамский әңгіме» подкастында әйелдердің күйзелісі жайлы сөз қозғады, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
«Бізді гормондар басқарады деген бекер айтылмаған. Бұл – рас. Бірақ 100% бүкіл әйелде солай болады деп айта алмаймын. Кей әйелдер оны сезбейді. Ал егер сізге ол әсер берсе, мысалы, ашуланғыңыз келіп тұрса, ашуланып алыңыз, мұңайғыңыз келсе, мұңлы ән қосып, жылап алыңыз, жалғыз қалғыңыз келіп тұрса, бәрін өшіріп, бөлменің есігін жауып, сәл уақыт жалғыз отырыңыз. Жай ғана бақылау керек. Біздің психика бізге не керек екенін өзі айтады. Дәл қазір ашуланып тұрсаңыз, ал жұмысыңыз көп болса, мүмкіндік болса, сәл үзіліс алған дұрыс. Алайда әйелдердің көбінде балалары бар және міндеттері көп. Әрине, бізге айту оңай. Бірақ сізге сырттан көмек керек болуы мүмкін. Жолдасыңыздан, туыстарыңыздан, достарыңыздан балаға қарай тұруын өтініп, өз-өзіңізге келіп алыңыз: ұйықтап алыңыз, еркелеңіз, сыртқа шығып, кофе ішіп келіңіз. Өз-өзіңізді құтқарып алуыңыз керек. Бірақ өзіңізді кінәлі сезініп, өзіңізді сынаудың қажеті жоқ. Мұның барлығы – гормондар. Оған ештеңе істей алмайсыз, ал егер өте қатты ашуланып және ол өте жиі қайталанса, гинеколог маманға барып, тексерілу керек», – дейді дәрігер.
Сондай-ақ психиатр кез келген адамның өмірінде ұйқының рөлі маңызды екенін ескертті.
«Біздің өмірімізде ұйқының маңызы зор. Психиатрияда кез келген ауруды емдеу кезінде біз ең бірінші ұйқыға мән береміз. Ұйқыны реттемей, үрейден, депрессиядан және басқа да психоздардан арылу қиын. Өйткені біздің ағзамызда ұйқы кезінде көптеген қалыпқа келу процестері жүреді. Ұйқыға нешеде жатқаныңыз маңызды. Түнгі 3:00-ден таңертең 10:00-ге дейін 7 сағат ұйықтаймын деген саналмайды. Міндетті түрде мелатонин бөлінетін уақытта ұйықтау керек. Сағат 22:00-22:30-да ұйықтауға жату керек», – деп кеңес берді Арайлым Шыңғысханқызы.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!