«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп айтып кеткен Ахмет Байтұрсынұлының сөзін қаперге алып, қалың оқырман алдындағы жауапкершілікті сезіне білген «Ақмешіт жастары» газеті онжылдық белеске жақсы жетістіктермен, толайым табыстармен жетті. Газет тілшілері де, ұжымы да аймақтың мерзімді басылымдары арасында «Үздік мерзімді басылым» номинациясын жеңіп алса, газет қызметкерлері аймақтық БАҚ өкілдері арасындағы спорттық сайыстарда, шығармашылық бәйгелерде топ жарып, бірқатар биікті бағындырды. Қала, облыс, аудан әкімдерінің алғыс хаттарымен марапатталып жүргендері де жетерлік. Бұл – атқарылған іс пен еңбектің өтеуі.

Бүгінгі онжылдық мерейтой тұсында газеттің ашылуынан бастап еңбек етіп, кейінгі жастарға із салып кеткен мамандардың лебіздері мен пікірлерін топтастырып, ортаға салып отырмыз. Басылымның оқырманға жол тартуы барысында Сырдың белсенді жастарының қомақты үлесі бар. Сол себепті, бес саусақ біріккенде бірлік болатынын дәлелдеген басылым өміршең бастамаларды әлі де өмірге әкеле бермек.

Бізбен бірге болыңыз, қадірлі оқырман!

Оныншы белесті бағындырдық

Редакция ұжымы

Жастарды отаншылдыққа тәрбиелейді

Газеттің ең алғашқы нөмірі шыққанда әрине шығармашылық ұжым болып қатты қуандық. Идеялардың жүзеге асуы деген керемет сезім ғой.

Есімде, газеттің бірінші санында Қазақстанның Құрметті жазушысы, аса көрнекті ақын Әскербек Рахымбекұлы газетіміздің жарық көргеніне қуанып, алғаусыз ақ тілегін арнап, аға буынның атынан үлкен сенім білдірді: «Аймағымызда жастарға арналған жаңа басылым шығатынын естігенде, біз байырғы баспасөз қызметкерлері, кәдімгідей қуанып қалдық. Өйткені біз білерде, облысымызда бұрын-соңды жастарға арналған басылым болған жоқ. Ендеше бұл – Сыр жастарының облыстық төл басылымы. …Сыр елі жастарының төл газеті облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына, білім мен мәдениеттің кең өріс алуына, халқымыздың рухани өсуіне жастарды жұмылдырады деп сенеміз. Ұлтымыздың ұлы байлығы болып саналатын тілі мен ділін, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын, ғылымы мен анығын жас ұрпақтың санасына сіңіруге, отаншылдық рухында тәрбиелеуге қызмет етеді деген ойдамыз» деп жастар басылымына үлкен үміт артты.

Оныншы белесті бағындырдық

Ағалардың ақ тілегінен қуат алып, осы үміт мен сенімнің үдесінен шығуға талпынып жұмыс істеген жылдарым жемісті де, жеңісті күндер екен ғой деп ойлаймын қазір. Газет беттегенге дейін мақалалардың артық-кемін түзеп, күзеп, кемі екі рет оқисың. Газет беттелгенде әр түзеткен сайын кемі бес рет сүзгіден өтеді. Ертеңіне иісі бұрқырап газет шыққанда тағы бір рет оқып шығасың. Негізі өте қызық процесс! Газет шығару ісінен артық шабытты да шығармашыл жұмысты көрген емеспін. 

Әріптесім Мөлдір Снадинқызы жетекшілік ететін «Ақмешіт жастары»  редакциясының бүгінгі ұжымына үлкен ауызбіршілік, жарқын идеялар, толайым табыстар тілеймін. Атына заты сай жастар үшін пайдалы білім мен ақпаратқа толы болсын, тоқсан, жүз жылдығын атап өтіп жатқан ата басылымдардың жолын берсін.

Ізгі тілекпен, Айжан Жұмабекқызы Абдуллаева,

газеттің алғашқы редакторы

Жастардың төл басылымына айналды

Мен сол уақытта Қызылорда облысының жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы қызметін атқарып жүрген едім… Біз жастар саласын жан-жақты бағытқа бөліп қарастырып, оны дамытуды қолға алдық. «Жас еріктілер», «Жас көшбасшылар», «Жас пікірсайысшылар», «Жас қыран», «Жас ұлан» ұйымдарын дамыту және олардың жұмысын жүйелеу бағытында оқушыларды да, студенттерді де, тіпті жас мамандарды да қамтығымыз келді. Міне, осы мәселелердің басы-қасында жүрген сәттерде бізге жас журналистердің шыңдалатын өзіндік практикалық мектебі мен жастар мәселелерін көтеретін салалық тек жастарға тиесілі газеті болса ғой деген ой келді. Бұл ойды жан-жақты пісіріп, сол кездегі облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың жастармен кездесуінде ұсынып, содан алғашқы қадам басталып кетті.

Оныншы белесті бағындырдық

«Ақмешіт жастары» газетінің алғашқы саны жарық көріп, майталман мамандар келді мұнда. Айжан Жұмабекқызы бастаған кәнігі журналистер жастардың төл басылымын жарыққа шығарды, біз оның таралуына атсалыстық. Бүгінде әрбір жастың сүйікті газетіне айналған «Ақмешіт жастарына» шығып, елге танылып жүрген талантты жастар жетерлік.

Бүгінде онжылдық белесті артта қалдырып, кемел келешекке жол тартқан «Ақмешіт жастары» газетінің ұжымына шығармашылық табыс тілеймін.

Жандос БАЗАРТАЙ,

2012-2014 жылдардағы облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы

Жастардың жеке меншігіндей

Осыдан он жыл бұрын «Ақмешіт жастары» газетінің жарыққа шығуы аймақтың ақпарат кеңістігіндегі тың жаңалық болды. Өйткені өңірде жас буынның жеке меншігіндей басылым жоқ еді.

Басылымға жетекшілік еткен азғантай жыл ішінде іні-сіңлілеріммен бірге шама-шарқымызға қарай еңбектендік. Жаңа арнаулы беттер қосып, замандастар мәселесін де көтердік, тілегін жоғарыға жеткіздік. Басылымның интернеттегі нұсқасын жетілдіруге күш салдық. Оқырман санын арттыру, сол үшін аудиторияға сапалы дүние ұсыну қай кездегідей күн тәртібінен түскен емес.

Оныншы белесті бағындырдық

Жастар газетінің екі ерекшелігін ғана айтайын. Біріншісі – редакторынан бастап кіл жас мамандардың ұстаханасы. Екіншісі – басылымда жастардың ғана мәселесі қозғалып, шығармашылығы жарияланады деу – қате. Мұнда мұқым елге ортақ жайттар жазылады. Сондықтан бала да, басқа да оқыса болады.

Бар айтарымыз, бір белес ғасырға жалғассын! Ұжымның алар асуы, бағындырар биігі көбейсін! Жаңа медиада жұлдызы жоғары болсын!

Назерке САНИЯЗОВА,

Газеттің 2014-2015 жылдардағы редакторы

Менің алғашқы ұстаханам

Білім саласынан журналистикаға ауысқандағы алғашқы ұстаханам, ең бірінші мектебім «Ақмешіт жастары» газеті болды. Осы күні Сыр журналистикасында әжептәуір танылып қалған көптеген қыз-жігіттердің алғашқы баспалдағы да осы басылым. Оны ұмытуға болмайды да, ұмыта да алмайсың. Өйткені, өзіңнің ыстық ұяңа деген сағынышың ұмыттырмайды.

Оныншы белесті бағындырдық

Мен газет бетінде «Қамшы» бетіне сай мақала жазғанды жақсы көрдім. Әсіресе, ауыл әңгімелерін жазғанды ұнатамын. Осы тақырыптағы туындыларым жарық көрген алғашқы басылым – «Ақмешіт жастары». Кейінірек облыстық «Сыр бойы» газетіне ауыссам да журналистикадағы алғашқы баспалдағыма қайта оралып соғып жүрмін. Одан кейін де көптеген мақалам газет бетінде жарық көріп, қаламгерлер арасындағы алғашқы ұжымыма деген сағынышымды басып тұратын.

Әріптестеріме тілерім көп. Бастысы, «Журналист пен қасқырды аяғы асырайды» дегендей, жолжазбаларыңыз көп болсын, кейінге қалар қолжазбаларыңыз көп болсын! Қаламдарыңыз мұқалмай, Сырдағы жастардың мәселесін қырдағы басшылыққа жеткізіп, талантты жастардың қанатын қатайтудағы еңбектеріңіз еселене бергей. 

Ержан ҚОЖАС,

газеттің 2018 жылдағы тілшісі

БАСЫЛЫМ БОЛАШАҒЫМНЫҢ БАҒДАРЫ БОЛДЫ

Көркем әдебиеттің көрнекті өкілі Әзілхан Нұршайықов «Газеттің ісі – бір күндік,  сөзі – мың күндік» деп баспасөздің бағамын биіктен бағалайды. Расында да, бүгінгі заман талабына сай әлеуметтік желілер дамып жатса да, билік пен бұқара арасында алтын көпір бола білген – «Ақмешіт жастары» газетінің орны мен үшін бөлек.

Оныншы белесті бағындырдық

Медиакеңістіктің ауқымы кеңейген тұста маған басылымда қызмет ету бағы бұйырды. Журналистикаға енді ғана бет бұрған  шикі шағымызда шығармашылық мектебі қаламды қатайып, жазу мен сызуға бейімдеді. Әсіресе, спорт саласы етене жақын тақырып еді. Сол саланың жаңалығын егжей-тегжейлі тарқатуға барынша тырысып, спорттың қай түрі болмасын, әдіс-амалын, тактикалық тәжірибесін терең тануға талпыныс оянды.  Журналистиканың жағымды жанры – сұхбат арқылы түпкі арманым «Қайсар» футбол клубына қызметке орналасуыма ықпалы тисе, өмірлік жарым Самалды да «Ақмешіт жастары» арқылы кезіктіріп, кезбе бойдақтықпен кенеттен қоштасуыма себепкер болды.

 Оқырманның көңілін тапқан «Ақмешіт жастарының» жарқын жаңалығы көп, ғұмыры ұзақ болсын!

Ерасыл ШӘРІБЕК,

Газеттің 2016-2023 жылдардағы тілшісі

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!