Биыл ­об­­лыс­тық «Ақмешіт жас­тары» газетінің жарыққа шыққанына – 10 жыл. Қысқа мерзім ішінде көпшіліктің көңілінен шығып, өз оқырманын тапқан басылым тек жастар тақырыбын емес, елдік, ұлттық мәселелерді қаузайтын газетке айналды.

Ақпаратты қаз қалпында жеткізетін, өзіндік орны қалыптасқан жастар газетінің жарыққа шыққан күнінде өткенге шегініс жасасақ.
«Ақмешіт жастары» осы уақыт аралығында алғашқы баспалдақтан өтті, дамыды, белестерді бағындырды. Жетістікке жетуде көптеген адамның еңбегі бар. 10 жылдың ішінде газетте бірнеше редактор басшылық етті. Көптеген жас журналист осында алғашқы мектептен өтті, шығармашылығын шыңдады, ал қазір республиканың, облыстың маңдайалды басылымдарында, телеарналарында табысты еңбек етіп жүр.
Бүгінде редакция ұжымының дені – жастар. Олар мазмұнды мақаланың жариялануына, арнайы беттердің жарыққа шығуына ықпал етіп келеді. Жастар құрамы жаңарған сайын газеттің сапасы көтеріліп, мазмұны да, айтар ойы да, беделі де артып келеді. Алғашында басылым А3 форматпен шықса, кейін газеттің форматы D2 бо­лып өз­геріп, арнаулы беттер саны мен айдарлар саны көбейген. Қазір оқырманның іздеп оқитын басылымы жанынан заман талабына сай электронды нұсқа, яғни «Ақмешіт жастары» ақпараттық агенттігі де құрылды.
Жастар үнінің бір ерекшелігі, алғашқы арнайы беттер мен айдарлар латын қарпінде беріледі. Басылым арнайы «News» бетінде жастарға қатысты соңғы жаңалықтарды қамтиды. Жас мамандарды, жас отбасыларды, өмірлік қиын жағдайға тап болған жастарды қолдау, жастар стартапын насихаттауға арналған шаралар ақпараттандырылады. «Motivation» бетінде ел ішінде әлеуметтік бағдарламаларды жеке мүддесіне пайдаланбай, мемлекет көмегіне иек артпай-ақ, адал еңбек етуге үндейтін мақала, ісінің берекесін көріп отырған кейіпкерлерді насихаттайтын материалдар беріледі. Қоғамды өркениетке бастайтын ниеті оң, жүрегі кең жастардың, еріктілердің бастамалары бойынша әртүрлі материалдар дайындалады.
«Interview» бетінде айтар ойы анық азаматтармен, елге сыйлы зиялы қауым өкілдерімен тәрбиелік, елдік бағытта, түрлі сала мамандарымен сан сауалдың жауабын қамтитын сұхбаттар жарияланады. «Innovation» бетінде идеяға бай креативті жастардың жаңа жобалары, білім-ғылым мәселелері мен ноу-хау туралы мақалалар қамтылады. Жастардың шығармашылық дамуына жағдай жасау, жас таланттарды қолдау, дарынды жастарға стипендиялар, жүлде тағайындауға қатысты өзгерістер қамтылады. Ал «Actual», «Sarap» бетінде мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдама шеңберіндегі әлеуметтік көмек көрсету, бос уақытты тиімді өткізу, жұмыспен қамту, NEET санатындағы жастармен жұмыс, отбасы және психология, бала құқығын қорғау, құқықтық, діни, экономикалық сауатты арттыру, жастарды рухани даму, аула спортын қарқындату және өзге де өзекті мәселелер төңірегіндегі сараптамалық мақалалар жарыққа шығады.
«Uikyashar» бетінде ұлттық өнер түрлерін жандандыруға ерекше назар аударамыз. Оқырманның сүйікті «Hattar» бетінде шығармашыл жастардың сиясы кеппеген дүниелері жарияланады. Бұдан бөлек, сан түрлі тақырыпты сарапқа салатын «Otbasy», «Finance», «Turizm», «Cinema», мектеп оқушыларына арналған «Baspaldaq» беті бар.
Оқырман санының өсуі газет мазмұнының баюымен байланысты. Соңғы көрсеткіш бойынша жазылушылар саны 7 мыңның айналасында екен. Біз әр нөмір сайын осынша оқырманға пайдалы дүние бөлісіп, рухани ләззат сыйлауға асығамыз. Алдағы уақытқа да жоспар дайын, оның ішінде сіздің кәдеңізге жарайтын дүниелер бар деген сенімдеміз. Сіздің де ұсыныс-хаттарыңызды күтеміз, ойлы оқырман!

Мөлдір СНАДИН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!