Шекарашы болсам деп армандаған офицерлердің осы мамандықты таңдауына туып-өскен жеріндегі шекара заставасы ықпал еткен.

Ал бұл ауылдағы шекара заставасы сәл шеткері орналасқан. Арнайы қоршалған ғимарат сырт көзге ерекше көрінеді, себебі кезінде мемлекеттік балабақша қызметін атқарған. Кейін жекешеленген уақытта бұл ғимарат шекаршыларға берілген. Ауладан орын тапқан әрбір зат әлі күнге сол әдемілігімен сақталған. Осы аумақтағы бозбала жігіттердің ата-аналары  «менің де балам өскенде шекарашы болса екен» деп армандайтын. Солардың бірі үйі дәл шекара заставасының жанында орналасқан Қалдан есімді азамат еді. Сол уақытта Қалдан әкім қызметіне тағайындалып, ел басқарды. Жанұясында үш ер бала тәрбиелеп отырған ол баласының қайсысы «шекарашы боламын» деп айтар екен деп іштей бақылап отыратын. Шекарашыларға ерекше қызығушылықпен, қамқорлықпен қарайтын ол түскі, кешкі ас уақытында застава жаққа алыстан көз салып қоятын. Қақпадан қызмет бабымен кіріп-шыққан әскери көліктерге де сүйсіне қарайтын. Осылайша үш ұлының бірі шекарашы болып жүргенін ойша елестететін. Қалдан ауыл әкімі ретінде заставаға келген басшылармен тілдесіп, оларға алты қанат қараша үйінен дәм татқызып жүрді. Отанасы да шекарашыларды өз баласынан кем көрмей, ас ұсынатын. Бірде қызмет барысымен денсаулығына мән бермеген Қалдан отағасы жүрек талмасынан көз жұмды.

Қалданның екінші ұлы Бағдат та шекарашылар өміріне қызығатын. Өйткені әке арманын бала күннен талай рет естіді. Әкесі дүниеден өтсе де, сол арманға ұмтылып, мақсатына жетуге іштей дайындала бастады. Сол үшін алғашқы әскери даярлық сабағына ерекше көңіл бөліп, қалайда осы мамандыққа түсуге талпынды. Дегенмен мектеп бітіру бойына анасының ақылымен Алматыдағы азаматтық жоғары оқу орнының студенті атанды. Осы оқу орнындағы әскери кафедраны да тәмамдады. Жоғары оқу орнын бітірген  соң елге оралып, әскери бөлімге офицер болып орналасты.

Жүрек қалауымен қалаған арман қашанда орындалады. Өзі қалаған мамандық иесі атанып, әке аманатын орындаған офицер Бағдат қазір бақытты. Қазір Қалдан ағаның балалары әлі де сол ауылда. Шекара заставасы да өз қызметін адал атқарып, мемелекеттік шекараны мүлтіксіз күзетуде…

Гүлмира ПІРІМЖАНОВА  

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!