Қазіргі уақытта бұрын естімеген жаңа кәсіп түрлері жандануда. Мемлекеттен көрсетіліп келе жатқан қолдаудың оң қыры дейміз бе, кәсіпкерлік саласына қадам басқандардың ішінде қызылордалық жастар да жеткілікті. Бірі қоқысты қайта өңдесе, бірі ұлттық бұйымдар тігеді. Енді бірі экологиялық таза өнім – эпоксидті шайырмен үйдің көркін келтіретін үстел, декорация ретінде іліп қоятын дүниелерді жасап шығаруда. Тағы бірі аяқ киім өндірісін дамытуда. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Шиелі ауданының тұрғыны, шебер Жандәулет Құрманбекұлы. Ол ер балаларға арналған аяқ киім, мәсі тігеді.

– Бүгінгі таңда сұраныс ер балалардың аяқ киіміне түсуде. Әйелдерге арналған аяқ киімдерді болашақта тігу жоспарда бар. «Не істеуге болады» деп қарап отыратын уақыт емес. Бір нәрсемен айналысу керек. Сондықтан өзімнің қолымнан келетін жұмысты істеуге кірістім. Кәсібім өзіме ұнайды. Көп уақыт кетпейді. Азаннан-кешке дейін бір жұмыста байланып отырмайсың. Өйткені әйелдердің аяғына шақталған қалып әзірге болмай тұр. Ер адамдарға арналған модельдің өзі санаулы ғана. Құрал-жабдықты көбейтейін десе, қаржы қолбайлау. Десек те бұл бізге кедергі емес. Кәсіп әрі қарай жандана береді, – дейді жас кәсіпкер.
Қазақта «ерінбеген етікші болады» деген сөз бар. Бұған қарап етікшілік өнердің табандылықты талап ететінін байқаймыз. Дегенмен нарықтық заманда еңбектің жануы үшін қолдау да қажет сияқты. Кейіпкеріміз де мемлекет тарапынан қолдау алған. «Екінің бірі бұл кәсіпті бейімдей алмайды. Бұл өте қиын кәсіп. Шама-шарқымша еңбек­теніп жатыр­мын. Не­сие алар­да үйімді кепілге қойдым. Ол ғана емес, көлігімді саттым. Қорада тұрған екі-үш түлікті де кәсіпке инвестиция ғып құйдым. Кәсіп аясын кеңейттік. Жұмысымыз ақырындап алға жылжып келеді. Енді тағы біраз нәрсе алу керек», – деді кейіпкеріміз.
Шебер таза былғарыдан мәсі, құрым, көкпар, саптама етіктерін, үйішілік аяқкиімдер тігеді. Бағаны материалдың сапасына, жұмыстың күрделілігіне қарай белгілейді. «Бізде қолдан жасалынған дүние қымбат тұрады деген ой қалыптасқан. Мен сол ойды түбегейлі өзгертуге тырысып жүрмін. Әрине еңбекті бағалаған жөн. Десек те ыңғайға, алатын адамның қалтасына ауырлық салмауға аса мән беремін. Мысалы, саптама етік – 350 мың, ұзын қонышты етік – 50 мың, қысқа қонышты – 30 мың, туфли – 45 мың, мәсі 40 мың теңгеден басталады», – деді ол.
Кейіпкеріміз бүгінде өз кәсібін жандандыруда. Жылына 100-200 шақты өнім шығарады. Оның тіккен аяқ киімі ерлер арасында сұраныста. Жас кәсіпкер қазіргі таңда 4-5 адамды жұмыспен қамтып отыр.«Атамнан қалған қаншама бұйым бар еді. Содан қалғаны өзі жасаған кебіс қана. Арада қанша уақыт өтсе де сыры кетпеген. Фирмалық туфли

сияқты. Ағаш шегемен шегеленген. Ол қайыңнан жасалады. Иілгіш. Су тисе, былғарымен бірге ісініп, қайтадан қалпына келеді», – дейді шебер.
Бүгінде жас болсын, кәрі болсын әдемі,осы заманғы сәнге сай аяқ киім киюге тырысады. Бірақ аяқ киім қаншалықты сапалы және ыңғайлы екеніне көбіне аса мән бермейді. Өйткені халық қалтасының қалыңдығына қарай аяқ киім таңдайды.Сондықтан таңдауы сапалы төмен жасанды материалдан жасалған аяқ киімге түседі. Яғни былғары аяқ киім бағасы қалта көтермейді. Дегенмен сапасыз, ыңғайлы емес, биік өкшелі немесе мүлдем өкшесіз, қытайдың «бір реттік» қана аяқ киімі көбіне жаңа дамып келе жатқан бала ағзасына көп зиян келтіреді. Сондықтан да шебер аяқ киім аларда сапасына мән беру керектігін алға тартады.

Мөлдір САБЫРЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!