«Жер бетіне түскен жарықшақ ақынның жүрегі арқылы өтеді» деген тәмсілде терең ой жатыр. Әсілінде өлеңді өмірінің өзегі еткен қалам иелерінің болмысы көпке мәлім. Көркем кестелеп айтқан сөзі кеңірдекті кездікпен кесіп өтердей қуатты болатыны да рас. Жылулық сезсе жүрегі жібіп салатын, сұлулыққа сүйсініп өлең өретін ақын жаны қашан да терең, қашан да жұмбақ. Жалғыздықтан жабырқап құсалы болған шақта, көңіл көгіне бұлт торлап торыққан мезетте мейірімді мекен іздеп, оңашада ой бағатыны да содан. Қырық жамау жүрегінің жарасын таңып, ішкі дертін інжуге айналдырып, тіршілікке тіл бітіретініне талас жоқ.

Жұрт жадында сақталған «Жұматай қағанаты» мен ел ардақтаған «Алтынкөпірліктер» де төлтума туындысымен танылған тұлғалар. Поэзияның тарпаң табиғатына тат түсірмеуге тырысып жүрген бүгінгі жас та әдеби көштің жолын жалғап келеді. Себебі Сыр елінде ақын деген ардақты атты абыроймен арқалапған, адамдық аузында қасиет, ақындық болмысында өрлік бар өресі биік жандар жетерлік.

Облыстың 85 жылдық мерейтойына орай аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың колдауымен, облыстық мәдениет және спорт баскармасы мен Қазақстан Жазушылар одағы Кызылорда облыстык филиалының ұйымдастыруымен Алматы каласында «Сырдың жас ақындарының поэзия күндері» өтті.

«Сапар туралы айтыла бастағаннан қызу талқылау мен түрлі пікірді естідік. Әрине, республикада тұңғыш рет өткелі тұрған іс-шарага мұндай көзқарастың болуы  заңдылық. Соған қарамастан ақындар Алматыға зор шабытпен барды. Қанша дегенмен өзге өңірге үлгі боларлық бастаманың ұлт әдебиетіне қосар үлесі зор. Танымдық шарадан тағылым алған жастардың пейілі ерекше болды. Ақындардың талантына тәнті болып, тәжірибе алмасып, жақсы жиындар өтті, – деді ақын, Қазақстан Жазушылар Одағы облыстык филиалының директоры Қаршыға Есімсейітова.

Алғашқы күні ақындар Кеңсай қорымына барып, ұлт зиялыларына арнап кұран бағыштап, зиярат еткен. Кейін Әл-Фараби атындағы Ұлттық мемлекеттік университеті журналистика факультетінің студентерімен татымды әңгіме өрбіп, келелі кездесу болған. Сонымен қатар, ақындардың Алматы телеарнасы мен Қазақ радиосына берген сүбелі сұхбаты көпті сүйсінткені сөзсіз. Облыстық «Qyzylorda» телеарнасы да табиғат аясында түсірілім жасап, өлең оқыған сәттерді сәтті таспаға түсірді. Барша ақын-жазушылардың бір-бірін бауырға басып, ілтипат көрсетуі де жастарға өнеге. Бұл ізеттілік пен ізгіліктің ізім-қайым жоғалмауына сеп. Үш күндік сапардың қорытынды кеші Қазақстан Жазушылар Одағының концерт залында өтті. Осы орайда Ұлықбек Тәңірбергенов пен Биболат Сәтжан Қазақстан Ұлттық арнасының «Таңшолпан» бағдарламасы мен «Хабар» агенттігінің тілшілеріне сұхбат берді.

– Сыр ақындарының әдебиеттегі орны үлкен. Оны республика мойындайды. Алматыға барған сапарымызда да мұны анық байқадық. Ел ағаларына сәлем беріп, жастармен таныстық. Рухани серпіліс алдық. Киелі сахнада өлең оқыған сәтте аңыз ақындардан қалған рухты сезіндік. Сырдың сүбелі сөзі, сұлу өлеңі алатаулықтарды тәнтті етті. Алматыда үш күн бойы Сырдың поэзиясы салтанат құрды. «Күлше нан», «Бөтен қой», «Суық сезім» атты үш өлеңімді оқыдым, – деді ақын Айдар Сайлауов.

Алаштың анасы атанған аймақтан арқаланып келген ақындарды құшақ жая қарсы алған аға буынның қолдауы қандай! Сыйластық сый-сияпатта емес, алғаусыз көңілде екенін аңғартты. Шабытпен жазылған өлеңге қанық болған көрерменнің де ықыласы ыстық.

– Шығармашылық кешке Байбота Қошым-Ноғай, Қасымхан Бегман, Бақытжан Абызов, Бауыржан Жақып ағалар келіп, тілектестігін білдірді. Әр ақынның авторлығындағы бір-бір әннен орындалды. Сондай-ақ, эстрада жұлдыздары қатысты. Кеш жоғары деңгейде өтті. Бастысы, бата мен оң баға алып, поэзиясүйер қауымның қошеметіне бөлендік, – дейді ақын Аружан Оралбай.

Кеш соңында Сыр ақындары Қазақстан Жазушылар Одағы Баскарма төрағасы Мереке Құлкеновтің Алғыс хатымен марапатталды. Өз кезегінде ақындар да ақ күріштен жасалған Қорқыт баба бейнесін тарту етті. Иә, игі бастама жалғасын тапса нұр үстіне нұр. Бұл парасатты поэзияның парқын түсінуге негіз.

Поэзия патшалығы: Сыр ақындарының сапары
Поэзия патшалығы: Сыр ақындарының сапары
Поэзия патшалығы: Сыр ақындарының сапары
Поэзия патшалығы: Сыр ақындарының сапары

Замира ҚОНЫСЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!