Атақ деп аласұрмайтын, даңқ деп даурықпайтын жастардың көптігі қуантады. Сондықтан беделімен белден басарлық ессіздікке емес, іскерлікке бел буатын азаматтың айы оңынан туары анық. Сайып келгенде ісіне мығым жанды мұқым ел де қолдайтыны сөзсіз. Осы тұста, таңдаған саласында тер төгіп жүрген талапты жас Рамазан Әнәпия «Үздік баспасөз хатшысы» аталымы бойынша жеңімпаз атанды. Орайы түскенде біз де сұхбаттасуды жөн көрдік.

– «Менмін» деген мықты маманның арасынан көзге түсіп, жүлдеге ие болу қиынның қиыны. Байқауға қатысарда түйсігіңіз не деді?
– Шынымды айтсам, бұрын соңды байқау атаулы­ға қатыса бермейтінмін. Себебі «фартовый» яғни, жолы болғыш жігіттердің қатарынан емес едім. Ба­ла күнімнен бастап байқауда бақ сынап, жеңімпаз ата­нуға аса құштар болмағандықтан, бұған да мән бермедім. Дегенмен осы жолы тәуекел етіп, қатысып көруді жөн санадым. «Пендеден әрекет, Алладан берекет» демекші, еңбегім елеусіз қалмады.
– Журналистикадағы еңбек жолыңыз қалай бас­талды? Жалпы баспасөз хатшысы қызметіне ұсыныс қалай түсті?
– Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің дипломын алғаннан кейін 1 аптадан соң Түркістан қаласындағы «Оңтүстік» телернасына қызметке орна­ластым. Кейін Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының «Өңірлік коммуникациялар қыз­ме­тінде» істедім. Дегенмен отбасылық жағдайға бай­ланысты туған жерге оралып, аудандық «Өскен өңір» газетінде тілші қызметін атқардым. 6 айдан кейін ішкі саясат бөліміне шақырту алып, бөлімде жарты жылға жуық уақыт табысты жұмыс атқарып, «Өскен өңір» газетіне бөлім меңгерушісі қызметіне тағайындалдым. Аудандық газетте бір жылдан астам уақыт жұмыс істеп, қыркүйек айында баспасөз хатшысы қызметіне шақырту келіп түсті. Осылайша шақыртуды ой елегінен өткізіп, қазан айынан бастап қызметке кірісуге бел будым.
– Халық әкімдік жұмысына егжей-тегжейлі қанық болғысы келеді. Желіде жанжал тудыратын жазбалар да бар. Қалың қауым қаумалап, жан-жақтан сұрақ жауғанда тығырықтан қалай шығасыз?

– Әрине, мемлекет басшысының да, аймақ басшы­сының да жүргізіп отырған саясаты ашықтықты көз­дейді. Сондықтан біз әрдайым жедел, нақты ақпарат таратуға тырысамыз. Ал, наразылық білдірген, мәселесін әлеуметтік желі арқылы жеткізгісі келген азаматтарға түсінікті етіп, жауабын беру үшін әрдайым түрлі сала бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды саралап, жадымда сақтап отырамын. Осы арқылы тығырыққа тірейтін сәттерде тиісті жауабын беруге дайын боламын.
– Мекеме имиджін қалыптастыру баспа­сөз хатшысының міндеті. Осы орайда медиа кеңістіктегі коммуникацияда нендей кемшілік жібермеу керек?
– Бұқарамен байланысты бекемдеу, ортамен коммуникация күшейту ең негізгісі. Қысқасы бұл қызметке қойылар талап қатаң, жауапкершілік жоғары. Медиа кеңістікте оперативті болу мен сенім орнату, көпшілік кез келген жағдайдың жай-жапсарын сұрағанда жалтақтамай жауап беру маңызды. Сондықтан бұл істе ең алдымен баспасөз хатшылары бүкпесіз әрі бояусыз нақты ақпарат беру керек. Сондай-ақ тілші қауыммен әрдайым тұрақты байланыс орнату да баспасөз хатшысының шеберлігі. Яғни ақпараттың айқын, қысқа да нұсқа болуын қадағалап, дерек пен дәйекті дөп сөйлету маңызды аспектінің бірі дер едім. Позициясы мен принципіне берік адамның жұмысында кемшілік болмайды.
– Тілшілік пен хатшылыққа келгенде айтылар уәж көп. Осы ой төңірегінде сіз не дейсіз?
– Бәріне бірдей ұнау мүмкін емес және бұл қалыпты жағдай. Кейде уақыттың тапшылығына байланысты тілшілер сұратқан ақпаратты дер кезінде бере алмай қаламыз. Бірақ БАҚ өкілдері қойған сауалдарды назарға алып, істің анық-қанығын баяндап, тұшымды жауап беруге тырысамын. Меніңше байланыс нығайған сайын түсінбестік туындаймайды.
– Болашақта жүзеге асырар жоспар мен мақсатыңыз жайында айта кетсеңіз…
– Ойға алған жоспар мен мақсаттар жүзеге асқанға дейін жасырын болу керек. Ал қызмет барысына келер болсам, жұмысымды адал атқарып, Шиелі ауданының көркейіп-гүлденуіне атсалысамын.

Сұхбаттасқан
Замира ҚОНЫСЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!