Апта басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапармен Сыр өңіріне келді. Іс-сапар барысында облыстың даму динамикасын айғақтаған бірнеше кәсіпорын жұмысымен танысып, ілкімді бастамаларды саралады. Әсіресе ұлттық құндылыққа негізделген қадамдарға оң бағасын беріп, еңбек адамдарымен жүздескеніне куә болдық.
Президент алдымен облыс көлемінде жүзеге асып жатқан жобалармен танысты. «Қорқыт ата» әуежайының терминалы, жылу электр орталығының жобасы және «Қызылорда – Жезқазған» автожолын салу барысына қанықты. Әрбір істің жүйелі аяқталуын тапсырған Президент аталған автожолды кеңейтуді міндеттесе, жылу электр орталығының энергетикалық қауіпсіздік тұрғысындағы маңызына тоқталды.
Кезекті сапар темірбетон бұйымдары және «Алтын орда» күріш және «Ассоль» тұз өндіру зауыттарында жалғасты. Мекеме жұмысымен танысқан Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлермен кездесіп, мемлекет тарапынан шағын және орта бизнесті өркендетуге жан-жақты қолдау көрсететінін айтты.
Айта кету керек, аталған зауыттар өнімділігі жағынан аймақтағы алдыңғы қатарлы кәсіпорын санатында. Мәселен, темірбетон бұйымдары комбинаты күніне 200 текше метр өнім өндірсе, «Алтын орда» зауыты жылына 30 мың тонна ақталған күріш дайындауға қауқарлы.
Өз кезегінде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өңірдің тыныс-тіршілігін түлетуге жергілікті кәсіпкерлер елеулі үлес қосып жатқанын айтты. Әлеуметтік нысандар салу, демалыс саябақтарын, ойын-спорт алаңдарын, үйлердің қасбеттерін жаңарту, аулаларды абаттандыру жұмыстары демеушілердің көмегімен жүзеге асырылып жатқанын жеткізді.
Мемлекет басшысының сапарында ерекше есте қалған оқиға – еңбек адамдарымен жүздесуі. Президент өткен жылы бой көтерген «Еңбек аллеясында» еңбек адамдарымен жүздесіп, пікір алмасты. Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда облысының дамуына баса мән беретінін атап, күрделі геосаяси ахуал кезеңінде Қазақстанның өркендеуі жолында бірлік танытуға шақырды.
Диқандар ауыл шаруашылығының дамуына айрықша мән беріп, мемлекет тарапынан қолдау шараларын көбейткені үшін Президентке алғыс айтты. Әсіресе Су ресурстары және ирригация министрлігін құру жөніндегі жаңалықты Сыр бойының диқандары қуана қабылдағанын жеткізді. Сонымен қатар олар ауылда жастарға жайлы жағдай жасалғанына, жас мамандардың ел ішінде қызу еңбек етіп жатқанына тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев жастардың еңбекқор, ұқыпты, отансүйгіш болу керек екенін және оларға әрқашан қолдау көрсетілетінін атап өтті.
– Ауылда жастардың жұмыс істеуіне, өмір сүруіне қолайлы жағдай жасалған. Осындай ауылдарды көбейтуіміз керек. Оған шамамыз да, қаражатымыз да жетеді. Кәсіпкерлермен кездескенімде елді мекендерге қаржы салып, көмектесу керек деп үнемі айтып келемін. Нағи Ілиясов басқа ауылдарға да үлгі болуы қажет. Сондықтан өзге облыстар да ауылдарды осылай дамытады деп ойлаймын,– деді Президент.
P.S. Сонымен қатар Мемлекет басшысы жақында бой көтерген «Анаға тағзым» орталығы мен Қазақстандағы ең үздік елді мекеннің бірі – Нағи Ілиясов ауылына да ат басын бұрды. Ұлттық құндылық пен ауылды дамытуға бағытталған жұмыстарға оң бағасын беріп, тағылымды жұмыс өзге өңірлерге үлгі болатынына сенім білдірді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!