Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу өтеді. Биылғы іріктеу кезеңі Республика бойынша 1 қыркүйекте басталады. Мемлекеттік сектор үшін 50 қызметкер іріктеліп алынады. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Рафхат Бисенов мәлімдеді. Биылғы іріктеудің алдыңғыдан айырмашылығы, рекрутинг процесі талап етілетін білімді, дағдыларды анықтауға ғана емес, сонымен қатар кандидаттардың шынайы мотивтері мен олардың құндылық бағдарларын бағалауға бағытталған. Көптеген кезеңдер онлайн режимінде өтеді. Мақсаты – қоғамдық мүдделерді басшылыққа алатын жас таланттарды анықтау және мемлекеттік қызметке тарту. Құжаттарды қабылдау ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен бастап арнайы әзірленген pkrezerv.gov.kz цифрлық платформада онлайн режимде жүргізіледі деп жоспарлануда. «Президенттің 2021 жылғы 18 мамырдағы №580 Жарлығымен белгіленген талаптарға сәйкес іріктеуге 35 жастан аспаған, жоғары білімі және кемінде 5 жыл жұмыс өтілі бар, сондай-ақ мемлекеттік тілді орташа деңгейден төмен емес деңгейде білетін Қазақстан Республикасының кез келген азаматы қатыса алады. Резервте болу мерзімі 3 жылды құрайды. Резервшіні бос мемлекеттік лауазымға тағайындау құзыреттер жиынтығы ескеріле отырып және Жастар кадр резерві жөніндегі ұлттық комиссияның ұсынымы бойынша конкурстан тыс тәртіппен жүзеге асырылатын болады. Бұл ретте резервке қабылдау мемлекеттік лауазымға тағайындауға кепілдік бермейді», – дейді департамент басшысы.Сонымен қатар брифингте ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бастамасымен қолға алынған «Үздік ауыл әкімі» республикалық конкурсы туралы да айтылды. Конкурсқа 8 ауылдық округ әкімі құжаттарын тапсырып, 4 кандидат өңірлік комиссиямен әңгімелесу кезеңіне жіберілген. Нәтижесінде Жалағаш ауданы, Ақсу ауылдық округінің әкімі Қанат Ниетқұлов «Үздік ауыл әкімі» болып, қыркүйек айында өтетін республикаға жолдама алды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!