Қызылорда қаласына – 204 жыл. Биыл қала күніне арналған түрлі бағыттағы мерекелік іс-шаралар қыркүйек айының алғашқы аптасынан басталып, әлі де жалғасуда.
Өткен аптадағы басты шаралардың легіне тоқталсақ. 23 қыркүйек күні Қызылорда қаласы тарихи музейінің ұйымдастыруымен қала күні мерекесі аясында «Шырайы артқан шаһар!» атты мерекелік көрменің ашылу салтанаты өтті. Көрмеге қалалық оқушылар мен жасөспірімдер үйінің қолөнер шеберлері, «Бегімай» өнер орталығы және облыстық білім басқармасының қалалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығындағы үйірме оқушыларының құнды қолөнер туындылары қойылды.
Осы күні шаһар төріндегі Қорқыт ата кешенінде орналасқан амфитеатр алаңында поэзия кеші өтті. Қала күніне арналған «Неге маған жырламасқа, Сырда туған елімді?!» атты кеште жергілікті ақындар жүрегіміздің астанасына арналған жырын оқып, сүйікті қаламыздың келбетін көркем сөзбен кестеледі. Алашқа белгілі ақындар Оңталап Нұрмаханов, Серік Ыдырысов, Қаршыға Есімсейітова, Қазына Өзденбаева, Елубай Әуезов, Мамыр Байдәулетовтер бастаған жыр көшін Толқын Қабылша, Назгүл Бердіқожа, Мөлдір Айтбай, Ғабит Кәдірбаев, Ұлықбек Бекұзақұлы, Биболат Сәтжанов, Аружан Оралбай, Дина Бөкебай, Бексұлтан Бағдатұлы сынды талантты жас ақындар шоғыры жалғастырды. Ақмешіт аспаны ән-жырға бөленді.
Поэзия кешін Сыр елінің талантты жас ақыны Ақжол Түменбай жүргізіп, өлеңсүйер көрерменге өзгеше леп сезіндірді.
– Әлімсақтан «Сыр елі – жыр елі» деген айдар тағып, қазақылықтың қаймағы бұзылмаған қазақ халқының қасиетті мекенге айналған Сырдария жағалауындағы шырайлы шаһардың өткені мен бүгіні тарихта алтын әріппен жазылып келеді, жазыла да бермек. Бұл ретте «көшесінде жүріп сағынатын» ғажап қаланың жылнамасын жырмен жазып жүрген сіздердің орындарыңыз бір төбе. Қала тұрғындарын «Қызылорда» күнімен құттықтаймын! Қаланың көркеюі үшін үлесімізді тигізе берейік, – деді қала әкімі Асылбек Шаменов.
25 қыркүйекте өткен «Жастық шағымның куәсі – Қызылорда» атты облыстық ретро-фестиваль өзінің ерекше аурасымен, қатысушылардың қайталанбас нөмірімен есте қалды. «Мереке», «Сыр самалы», «Яксарт», «Экспресс», «Ритм», «Қазалы», «5 аймақ» секілді аймақтағы белді өнер ұжымдарының ән-күйін тыңдауға жиылған халық күйбең тірлікті ұмытып, қала күніне арналған концертте демалып қайтты.
23 қыркүйекте өткен ерекше шараның бірі – Батырхан Шүкенов атындағы саябақта ұйымдастырылған «Қызылорда менің көзіммен» атты қалалық жас суретшілер байқауы. Жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру, олардың көркемдік-шығармашылық қабілеттерін дамытумен қатар туған қаламыздың көркемдігін көрсете білу мақсатында ұйымдастырылған суретшілер байқауына қаладағы 55 мектептен 5-7 сынып оқушылары қатысып, шеберлігін шыңдады. Шығармашылық шабытқа бөленді. Шара соңында жас суретшілер қала әкімі орынбасарының Алғыс хатымен марапатталды.
– Сурет салуға 6 жастан бастап көңіл бөлдім. Әкем сурет салғанды жақсы көреді. Сурет салуды әкемнен үйрендім. Менің де қызығушылығым ояна бастады. Сондықтан сурет үйірмесіне қатысуды шештім.
Сайыс талабына сай қаланың көрікті жерлерін бейнелеуге мүмкіндік туды. Қала күні мерекесінің орны мен үшін де, отбасымыз үшін де ерекше. Себебі барлық естелік пен өміріміз осы қаламен байланысты, – дейді жас суретші Медина Дәуренбекова.
Қала күніне орай 24 қыркүйекте орталық алаң маңында өткен тағы бір бастама – «Жарқын Қызылорда» марафоны. Бірінші рет ұйымдастырылған марафонға қатысушылар 3 шақырым жолды жүгіріп, мәреге жетуі тиіс. Қатысушылардың жасына шектеу қойылмаған. Үш түрлі бояулы жолдан өткен марафоншылар байқауы орталық алаңдағы әдемі ән, көңілді бимен жалғасын тапты. Осылайша, қала күні басқа форматтағы шаралармен, әртүрлі жастағы тұрғындардың белсене қатысуымен аталып өтті.
Аделина МӘДЕЛХАНҚЫЗЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!