Кеше қалалық мәдени және демалыс паркі жаңа маусымын бастады. Қала әкімі Асылбек Шаменов шаһар тұрғындары мен қонақтарына арналған әсем де жайлы демалыс орнына арнайы барып, қызылордалықтарды 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен және жазғы демалыс маусымының басталуымен құттықтады.«Жайнаған жаз мезгілін көңілді өткізіп, бірлік пен берекені, ырыс пен ынтымақты ту етіп жүре берейік. Бүгінгі қос бірдей мерекемен құттықтай отырып, Сіздерге шат-шадыман көңіл-күй, отбасы ордаларыңызға бақыт тілеймін!» – деді шаһар басшысы Асылбек Шаменов.Қала әкімінің ізгі лебізінен соң А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйі өнерпаздары Қызылорда аспанын әнге бөлеп, тұрғындар мен шаһар қонақтарына мерекелік көңіл-күй сыйлады.Өзінің қалыптасу кезеңінде қызылордалықтардың ерекше жақсы көретін орнына айналып үлгерген Демалыс паркіндегі барлық аттракциондар түбегейлі тексерістен өтіп, тұрғындарға жақсы әсер сыйлауға сақадай сай тұр.Қала халқының жаз маусымында уақытын тиімді өткізуін қамтамасыз ету мақсатында биыл да түрлі мәдени шаралар, көңілді кештер өткізіліп, келушілерге жайлы орта қалыптастырылатын болады.Тағы бір жағымды жаңалық – бұған дейін жартылай сенімгерлік басқаруда болған қалалық мәдени және демалыс паркі осы жылдан бастап қалалық мәдениет және спорт бөлімінің теңгеріміне қайтарылды.Алдағы уақытта бәрімізге ыстық көрінетін демалыс кешенін дамыту, жаңғырту бағытында көптеген жұмыстар атқару жоспарлануда.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!