Шекара шеген­деліп, бауы­рымыз бүтін­делгенмен тұтқиылдан шабар жауды назарда ұстаған дұрыс. Иә, бүгінгі қазақ әскері де бес қаруын асынып, ел қауіпсіздігін кірпік қақпай күзетіп отыр. Халықты ішкі және сыртқы жаудан қорғап, қалқан болып жүрген азаматтардың қатары қалың. Олар бар және ортамызда жүр. Әйтсе де, қызметтің құпиялығына байланысты көп нәрсені ашып жаза алмайтынымыз өкінішті.
Жауырыны қақпақтай, жұдырығы тоқпақтай толағайлар тұрғанда бүйірден біреу соққы жасай қоймас.
Әңгіме ауанын өздеріңіз байқап отырған боларсыздар. Ел үшін жасалып жатқан ерен еңбек иелері өздері де сөзге шорқақ келеді. Есесіне іске мығым. Көкейдегі сан сауалмен тә­жіри­белік ату феде­рациясының директоры, арнайы жасақ ардагері Ғабит Тынымбайұлымен сөйлескен едік. Саланың кешегісі, бүгіні қандай, ертеңге қадам нық па?! Жалпы, қару ұстау турасында ойын білдік.
«Ер қаруы – бес қару» дегенге келетін болсақ. Бұл бес қаруды тізбектеудің қажеті жоқ деп есептеймін, өйткені әрбір қазақ мұны біледі деген ойдамын. Қазіргі заманның талабына сай қару-жарақтар (тапаншалар, карабиндер, мылтықтар) барша қарулардың қызметін толық қамтиды. Жауынгер халықтың кешегісін тарихтан білесіздер, бүгінде сол үдеден түскен жоқ. Қайратына мінген қазақ жауынгерлерінің әрбірінің бойында ұлттық рух, асқақтық пен ұлылық бар. Кеудедегі ұлттық намыс оларды алға жетелейді, елге қызметте шыңдайды», – дейді арнайы жасақ ардагері.
Әрбір қазақ баласының бойында болғаны ләзім қару ұстап, атқа қону – біздің ұлттық құндылық­тарымыздың бірі. Егемен елдің еңсесі тік, қадамы нық. Ату федерациясындағы айтулы істер де нәтижелі жемісін беріп келеді. Азаматтық борышты әскери қызметте қолданып жүрген азамат саланың бүгінгі дамуына тоқталды.
«Қазіргі таңда бұл сала қарқынды дамуда, әйтсе де көбірек көңіл бөлініп, ата-бабамыздың қанымен берілген қару қолдану үрдісін, жастарға жеткілікті және ауқымды түрде жеткізу керек деп есептеймін. Мен барлықтарыңыз білетіндей, арнайы жасақтың зейнеткерімін. Арнайы жасақтарда 17 жыл қызмет өтілім бар. Қызмет барысында әрбір Отан қорғаушы, елінің тыныштығын сақтауды мақсат тұтқан, арнайы және т.б. жасақ қызметкерлері қару қолдану әдістерін жетік меңгеруі – қызметтегі басты талап. Қарумен күнделікті жұмыс істеген соң ерекше қызығушылық пайда болып, білгеніммен бөлісіп, осы саланы дамытып, насихаттауға атсалысып келемін. Ату өнері – атадан-балаға мирас болып келе жатқан құндылық. Қанның су емес екені белгілі. Қанымызға сіңген дағды көп. Мергендік қазақтан қалған. Қазіргі жастардың бойында да осындай керемет дағдылар бар. Оларды күнделікті жаттығуда пайдаланып, дағдыға айналдырса дейміз. Әлбетте, ату ұдайы жаттығуды талап етеді. Ықылассыз, ізденіссіз, зейінсіз ату тәжірбиесін жоғарғы дейгейге жеткізу қиын. Тіпті, мүмкін емес дер едім», – дейді қару­дың май­талман маманы.
Қару азаматтың айбынын асқақтатады. Жеті қазынаның ішіне берен мылтықты жаттығады емес пе?! Мұның да ар жағында үлкен мән жатыр.
«ҚР азаматтары бел­гіленген тәртіппен қару алуға құқылы. Таңдау әрбір азама­тқа бе­ріл­ген. Заң талаптарын орындай отырып, қарудың болғаны абзалырақ. Алайда азаматтар ол қа­ру­ды қол­дану мә­дениетін жетік біліп, арна­йы семинарлардан өтіп, тео­риялық және прак­ти­калық сабақ­ ал­ғаны дұрыс деп есеп­теймін», – дейді білікті маман.
Иә, жеті қа­зы­наның бірі деп дана халқымыз қадірлеген қаруды алған бір бөлек, оны қолдану мәде­ниетін меңгеру де – бір бөлек. Ол – үлкен өнер.

Аян СПАНДИЯР

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!