Дархан даласындай көңілі кең қазақ елі көптеген өзге ұлыс өкілдерін бауырына басып келеді. Бір шаңырақ астында бірлік пен татулықты ту еткен олардың ынтымағы өзгелерге үлгі боларлық. Оның үстіне соңғы жылдары өзге ұлт өкілдері арасында мемлекеттік тілді үйренуге деген қызығушылық артуда. Олар тіл меңгеру арқылы халқымыздың ауыз әдебиеті, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпымен жақын та­ны­сып келеді. Сол сияқты олардың күнделікті өмірі мен қызметіне қазақ тілінің көп көмегі тиіп жүр. Бүгінгі нөмірде Никита Мясцов пен оның жары Лидия Мясцова жайлы тарқат­сақ.

– Туысқандарым, көршілерімнің арқасында қазақша сөйлеуді үйрендім. Көп салт-дәстүрге қанық болдым. Бүгінде отбасымызда қазақ тілін қолданып келеміз. Түсінбегенімізді достарымыздан білдік. Осылайша тілге деген қызығушылық оянды. Бүгінде отбасым үшін қазақ тілі күнделікті қолданыста. Ауылда тұрғандықтан қазақтың жөн-жоралғысына үйреніп кету қиынға соқпайды екен. Ауылда көптеген той өтеді. Соны қызықтап, басы-қасында жүреміз. «Қыз ұзату», «Беташардағы» салтты үйреніп алдық. Бала кезден қазақша өлеңдерге деген қызығушылығым жоғары. Бұл да менің тілді жетік меңгеруіме септігін тигізді деуіме болады. Қазақ тілінде әнді еркін айта аламын. Оған дәлел патриоттық әндерді айтып жүргенім. Өзім «Аңсар» ЖШС «Labservice company» дәріханасында фармацевт болып жұмыс істеймін, – дейді Никита.
Жоғарыда атап өткеніміздей, Мясцовтар отбасы Тереңөзек ауданы бойынша үлгілі отбасылар қатарында.
«Ата-анам зейнеткер, бір ұлым бар. Қазақ әніне деген махаббатым Қазақстанға деген құрметімді арттырды. Елге, Отанға деген сүйіспеншіліктің қандай болатынын ұқтырды. Жүрекпен түсіндіре білді. Сондықтан болар мен бірыңғай патриоттық әндерді орындап келемін. Қазақстанда дүниеге келгеніме қуанамын. Маған қазақтың тілі, діні, ұстанымы, қонақ-жайлығы, салт-дәстүрі, жөн-жоралғысы ұнайды. Сонымен бірге Кеңес Дүйсекеев, Абай Құнанбаев, Ескендір Хасанғалиевтің әндерін ұнатамын», – дейді ол.
Отан шаңырақтан басталады. Шаңырақ шаттығын ойлаған жан отбасындағы жарын, баласын сүйеді. Мұның арғы жағынан Отан деген үлкен ұғым шығады. Осы үлкен шаңырақтың уығын мерейлі отбасылар ұстап тұр.
«Келіншегім 2001 жылы дүниеге келген. Алғаш рет сол жағалаудағы «Жастар ресурстық орталығында» таныстық. Ол «Қазанғап» атындағы музыкалық колледжде білім алған. Бүгінде бала күтіміне байланысты демалыста. Анама гүл көшеттерін отырғызу жұмыстарына көмектеседі. Жұмысымда ешқандай қиындық жоқ. Маған өз саламда жұмыс істеген ұнайды. Келушілердің сұрағанын беріп, қойған сұрақтарына жауап беремін. Кім келсе де жылы қабақ танытып, қол ұшын беруге дайынмын», – дейді кейіпкеріміз.
Жаһандану заманында көп тіл білудің өзектілігі артып келеді. Сондықтан ана тілімізді ұмытпай, керісінше оның қолдану аясын кеңейту кейінгі ұрпаққа міндет.

Мөлдір КЕНЖЕҒҰЛОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!