Жыл сайын жаз айында Парламент депутаттары әр аймаққа іссапарға шығып, халықпен кездеседі, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдайды.

Жылдағы дәстүрге сай биыл да Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл Қазалы ауданына арнайы келді.

Іссапар кезінде «Жанқожа батыр» атындағы шекара бөлімшесіне барып, шекарашылардың тыныс-тіршілігімен танысты. Елдің шетінде, желдің өтінде еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігін қалт жібермей күзетіп жатқан шекарашыларға алғысын айтып, қызметтеріне сәттілік тіледі.

Мұнан соң «Жанқожа батыр» атындағы шекара бөлімшесінің бастығы Ержан Елемесовке Бауыржан Момышұлы атындағы «Батыр шапағаты» медалін табыстады. Сонымен қатар, шекарашыларға өзінің «Паншер патшасы» атты авторлық кітабын сыйға тартып, патриоттық рухқа толы өзінің өлеңдерін оқыды.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұлдың Қазалы ауданына сапары кезінде аудандық мәслихат депутаты Райымбек Бөлебаев, аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Еркебұлан Жүрсінбаев бірге жүрді.

Айта кетейік, 2017 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Қызылорда облысы бойынша департаметінің «Қызылқұм» шекара бөлімшесіне ұлт-азаттық қозғалысының көрнекті өкілі, отаршылдарға қарсы Сыр бойындағы халық көтерілісінің басшысы, қазақ даласының хас батыры – Жанқожа Нұрмұхаммедұлының есімі берілді.

Шекара бөлімшесіне батыр бабамыздың есімі берілуіне Бақытбек Смағұлдың еңбегі ерекше. Тиісті орындарға халқына қорған болған Жанқожа батырдың ерліктерін жеткізіп, «Қызылқұм» шекара бөлімшесіне атын беру туралы ұсыныс береді. Жерлесіміздің ұсынысы 2017 жылы Үкімет тарапынан қолдау тапқан болатын.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!