Ұлттық тағамның дәмі ерекше, көпшілік тарапынан сұранысқа ие болатыны да содан. Өйткені әрбірі ерекше көңілмен дайындалады. Ана қызына, жеңге қайын сіңлісіне, ене келінге әр астың дайындалу әдебін, ретін мұқият үйретіп отырған. Ұлттық тағамдар, соның ішінде сүт өнімдері қашан да маңызға ие, сондай-ақ, қазақты небір аштықтан аман сақтаған. Мәселен, құртты қалай азық еткенін кітаптан оқып-ақ байқаймыз. Қазақ үшін зор мәнге ие құрт өнімі бүгінде кәсіп көзіне айналды. Қызылордалық жас оған жаңа рең сыйлап отыр.
Нұрсұлтан Қалмағамбет химиялық қоспасыз таза табиғи түрлі-түсті құрттың 6 түрін жасауда.
– Кәсіптің барлық түрі ауыл шаруашылығы саласына қатысты. Бірі мал бордақылау болса, енді бірі сүт өнімдері. Сондықтан да мен құрт жасаудың басқа тәсілін меңгердім. Құрт кімге болсын ұнайтыны белгілі, ал түрлі-түсті құртқа сұраныс бөлек. Басқа түстердің ақ түстен ерекшелігі көп, дәмінде де аса бір өзгешелік байқалады. Тіпті түрлі-түсті болған соң көпшілік көңілінен шығуда. Тапсырысты көбіне инстаграм әлеуметтік желісі арқылы қабылдаймыз. Бір-екі рет тапсырыс беріп, тұрақты тұтынушымызға айналғандар бар, – дейді ол.
Кәсіпкер құртты заманауи негізде жасауды көптен бері армандап жүрген. Айтуынша, дайындау үшін бірнеше күн уақыт кетеді. Сүтті құртқа айналдыру үшін бірқатар ереже мен тәртіпті сақтау керек. Мәселен, ақ құрт жасауға шикі сүт керек. Ал оның бұлай аталу себебі оған тұз көбірек қосылады.
– Жалпы, бұл құрт үлкен сұранысқа ие. Шынымды айтсам, жарты жылдай ойдың жетегінде жүрдім. «Қалай болар екен?», «Тұтынушыларға ұнай ма?» деген сауалдар санамды жаулап алды. Дегенмен, ол уайымның барлығы артта қалды. Қазір сатылым жақсы. Құрттарымыз «Qurtella» брендімен шығады, қазіргі таңда күніне 500 келі өндіреміз. Осы кәсіпті 15 мың теңгемен бастағанмын. Сұраныс көбейе түскесін арнайы жабдық сатып алдық. Біздің басты мақсатымыз –ұлттық тағамдарды таныстырып, олардың ерекшелігін, пайдасын жастарға насихаттау, – дейді кәсіпкер.
Жас болса да, үрдісті жаңғыртып, батыл қадамға барған кейіпкеріміздің бастамасы көпті қуантып келеді. Дәмі тіл үйірер дәмнен ауыз тиген тұрғындардан тапсырыс көбейе бастағанда ата кәсіпке деген құштарлық арта түскен. Бүгінде жас кәсіпкердің алдағы мақсаты ісін дөңгелету.
– Бүгінде той-думанда дастарханда құрт пен ірімшік тұрады. Осылайша той иелері көптеп тапсырыс береді. Құрт өнімі жас талғамайтын бизнес көзі. Мұны жас та, жасамыс та істей алады. Бизнес бастауда ең алдымен өз-өзіңе деген сенім керек, – дейді кәсіпкер.
Мөлдір САБЫРЖАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!