Танымал тележүргізуші, журналист Қымбат Досжан «Балапан» телеарнасының директоры қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Қуанышты хабарды Қымбат Досжанның әріптесі, депутат Дана Нұржігіт халыққа жеткізді. Ол балалар арнасының басшылығына өз саласының маманы келді деп қуанды.
“Телевизиядағы ғұмыры көрермендер көз алдында өтіп жатқан білікті маманның өз саласында жетекші қызметке келіп жатқаны көңілге қонарлық, құптарлық бастама.
Сіз білетін, біз білетін Қымбат Досжан бүгіннен бастап «Balapan» арнасының директоры қызметіне тағайындалды. Құттықтаймын!
ТВ саласына студенттік кезден араласқан @kymbatdoszhan жанкештілігін,ісіне адалдығын көріп өстік.
Екі ұлын өзі өсіріп, өмірдің қиындығын да аз көрген жоқ. Бірақ экранның арғы жағындағы халықтың сұранысын, көңілін, сенімін Қымбат қашан да бәрінен биік қояды.
Ұрпақ тәрбиесі – қоғам алдындағы жауапкершілік. Осыны терең түсінетін адамның балалар арнасының басшылығына келгені қуантады. Балалар Қымбат апасынан көөөп сыйлық күтеді», – деп жазды ол Instagram-дағы парақшасында.
Айта кетейік, бұған дейін арнаны Мақпал Жұмабай басқарған. Ол «Кино және ТВ» саласының маманы. Бұл қызметке 2018 жылдың 2 ақпанында тағайындалған.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!