Қызылордада «Бастамаларды қолдау» қоғамдық бірлестігі жүзеге асырып жатқан «Келешек мамандықтары: Жұмыссыздық проблемаларының шешімі» жобасы аясында ұйымдастырылған қысқа мерзімді оқытудың алғашқы түлектері бітіріп шықты.
Осы жылдың наурыз айында басталған жобаның мақсаты – Қызылорда қаласындағы жұмыссыз жастар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарды еңбек нарығындағы сұранысқа ие, бәсекеге қабілетті мамандықтарға даярлау және оларды белсенді өмірлік ұстанымға тарту арқылы жұмыспен қамтуға жәрдемдесу болатын.
Ол үшін қоғамдық бірлестік жоба шеңберінде 3 ай ішінде қысқа мерзімді кәсіптік оқыту арқылы еңбек нарығында сұранысқа ие IT-технология саласындағы 30 маманды даярлауды, даярлап қана қоймай жұмысқа орналасуына ықпал етуді жоспарлады.
Сәуір айында алғашқы лекке 12 жас жиналып, SMM маркетингті үйренуді бастап кеткен болатын. Міне енді сол жастар курсты аяқтауда.
Оқыту курсын жүргізген бизнес-тренер Ботагөз Бақбергенова 3 ай бойы оффлайн өткен курста қатысушылардың белсенді болғандығын айтты.
«Курсқа қатысушы жастардың басым бөлігі өз кәсібін ашуды көздегендер. Ынталарына риза болдым. Курс барысында жастар аккаунттарына талдау жасауды, пост жазуды, контент-жоспар құруды, интернет арқылы ақша табуды, жарнамалық бейне шолу жасап, камера алдында сөйлеуді үйренді. Мұнан бөлек, процес кезінде стоматология, жалюзи, СТО, сұлулық салоны, құс шаруашылығы, акссесуарлар дүкени секілді кәсіпкерлік нысандарында болып, тәжірибеден өтті, яғни курстан алған біліктіліктерін жүзеге асырып көрді. Нәтижесінде кей жастар курсты бітірмей тұрып-ақ алғашқы табыстарын таба бастады. Курсты толық бітірген сәттегі қатысушылар 100 мың теңгеден 500 мың теңгеге дейін нақты табыс тапты», – дейді бизнес-тренер Ботагөз Бақбергенова.
Жақында жастар қысқа мерзімді курстан өткендігі туралы сертификаттарын алды. Ал «Бастамаларды қолдау» қоғамдық бірлестігі мұнан өзге мобилография, графикалық дизайн мамандықтары бойынша екі курсты ұйымдастыруда.
«Келешек мамандықтары: Жұмыссыздық проблемаларының шешімі» жобасы тиімділігін көрсетуде. Жобаға қатысқан жастарымыздың біліктіліктерін жетілдіріп, нақты табыс табуға шыққанына қуаныштымыз. Бұл біздің жұмысымыздың нақты көрсеткіші. Жобаға АҚШ-тың Халықаралық даму агенттігі (USAID) қаржыландыратын Орталық Азиядағы азаматтық қоғамды қолдау бағдарламасы аясында Еуразия қоры қолдау көрсетті. Ал жергілікті жерде «Qosyl» жастар бірлестігі әріптестік көмек беруде. Бұл ұйымдардың барлығына алғысымызды айтамыз», – деді «Бастамаларды қолдау» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Мадина Төлепова.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!