ҚР Үкіметінің 2023 жылғы 27 шілдедегі қаулысына сәйкес 10 қыркүйек күні (қыркүйектің екінші жексенбісі) Ел бойынша Отбасы күні болып аталып өтіледі. Осы орайда, ҚАЖ департаментіне қарасты №68 мемлекеттік мекемесінде бір қызметте жұмыс атқарып, қоғамнан оқшауланған сотталған азаматтарды өмірге қайта бейімдеп, тәрбиелеп жүрген мемлекеттік қызметкерлер қатарында ерлі-зайыптылар жұмыс жасайды. Темірдей қатаң тәртіпке бағынып, күрделі саланың ыстық-суығына төзіп, бақытты жанұя құрған отбасылар қатарында Әнуар мен Нұрсұлу бар.
Әнуар – 2022 жылы тергеу мекемесіне жұмысқа орналасып, Режим және Күзет бөлімінің бақылаушысы атанады. Осы сәтте өзімен қатарлас сұңғақ бойлы, қолаң шашты, бота көзді әріптесін байқап сырттай бақылап жүреді. Елік тәріздес аруымыз бұл кезде Әнуар секілді бақылаушы еді. Ақырында екеуі бір мезетте түнгі ауысымға қызметке түсіп, сөз жарастырады. Нәтижесінде, тамыз айының 16-жұлдызында әріптестер отау құрып, ерлі-зайыпты атанады. Қазіргі таңда, мекемедегі ең жас отбасылар қатарында. Болашаққа деген үміті көп жас-жұбайлар, қызметті де, отбасыны да бір арнаға тоғыстырған. Бүгінде жас-жұбайлар, өзіне дейінгі осы саладағы бір шаңырақ астында тұрып, жарасымды жұп бола білген аға буын өкілдерінің жанұялық өмірін үлгі тұтып келеді.
- Біз жұмыс жасайтын ҚАЖ саласында қызметте болу өте күрделі. Соған қарамастан қызметкерлеріміз отбасы беріктігін сақтап, үлгі көрсетіп келеді. Өйткені мамандарды жұмысқа қабылдар алдында жеке әңгімелесу өткізіп, адамгершілік-моральдық тұрғыдан артықшылық қасиеттеріне де, мән береміз. Сондай-ақ, жас отбасылар мен көп балалы отбасыларға әрдайым қолдау көрсетіп отырамыз. Жас отбасылар қатарында өзімде бармын. Жолдасым да, мен де бір салада қызмет атқарамыз. Бір-бірімізге шынайы ғашық болып, отбасын құрдық. Қазіргі таңда, алғашқы сәбиімізді күтудеміз. Қызметкерлеріміздің жанұя жарасымдылығы, олардың ауыр салада сабырлы болып, еркін жұмыс жасауына мол мүмкіншілік берудің арқасында. Сондықтан болар, ҚАЖ саласында бірге жұмыс жасайтын жұптар көп – дейді, тергеу мекемесінің, кадр саясат тобының инспекоры әділет лейтенанты Жаннұр Даулетиярова.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!