Қызылорда қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен Қызылорда облысы әкімінің Кубогы үшін қаламгерлер арасында шағын футболдан республикалық турнир өз мәресіне жетті.
Қызылорда қаласында тұңғыш рет ұйымдастырылған додаға Нұр-Сұлтан, Алматы, Талдықорған, Шымкент қалалары мен Жамбыл, Түркістан облыстарынан барлығы 9 команда бақ сынады.
Тартысты ойындар нәтижесінде жартылай финалға «Хабар», «Экспресс-К», «Қарекет» және «Ақмешіт» командалары шықты. Финалда пенальтиде басым түскен «Экспресс-К» командасы Қызылорда облысы әкімінің Кубогы үшін өткен республикалық турнирдің чемпионы атанды.
Додада оза шапқан «Экспресс-К» командасын қала әкімі Асылбек Шаменов арнайы кубокпен, медальдармен және 1 000 000 теңге көлемінде қаржылай сыйлықпен марапаттады. Екінші орынды жеңіп алған «Хабар» командасы – 700 мың, ал, қола жүлдегер атанған «Ақмешіт» командасы 400 мың теңге, төртінші орын иемденген «Қарекет» командасына 200 мың теңге табысталды.
Турнирдің Үздік ойыншысы номинациясымен ардагер журналист Шоқан Махан (Алматы) марапатталса, «Қарекет» командасының ойыншысы Есболат Айдаболсын үздік шабуылшысы деп танылды. «Тараз пресс» командасының ойыншысы Айбек Қабылша үздік қақпашы атанса, турнирдің Үздік қорғаушысы номинациясымен Шымкент қаласынан келген Арай Есенбек марапатталып, қаржылай жүлделер тапсырылды.
Еліміздің түкпір-түкпірінен 100-ге жуық БАҚ өкілдерінің басын қосқан турнирде қатысушылар қонақжай Сыр елі жұртшылығына ризашылықтарын білдірді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!