Қызылорда облысы Полиция департаментінің басшылығы студенттермен кездесті. Мемлекет басшысының Жолдауында берген тапсырмаларын жүзеге асыру аясында бұл кездесу облыс орталығындағы студенттер сарайында өтті.

Департамент бастығы полиция генерал-майоры Махсудхан Аблазимовтың бастамасымен ұйымдастырылған кездесуге жоғары оқу орындарының оқытушылары мен 500-ге жуық студенттер қатысты.    

Жиынның мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын және құқық қорғау органдарына сенімділік деңгейін арттыру.      
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халықты, жастарды жұмыспен қамту – Үкімет үшін маңызды міндет» деп жастарға ерекше назар аударды.  Жастарға сапалы білім берумен қатар еңбек нарығында да үлесін арттырудың маңызын  атап өткен болатын.  

Осы орайда, бүгінгі таңда елімізде сапалы білім  мәселесіне баса мән беріліп, жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Жастардың бастамаларын қолдау мәселесі де ерекше назарға алынған.  

Кездесу барысында осы және өзге де маңызды мәселелер қозғалды.
Мемлекет басшысы 2023 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында бәріне бірдей мүмкіндік беретін өркениетті ел – Әділетті Қазақстанды құратынын, Заң және тәртіп, өзара түсіністік, тілектестік пен жауапкершілік бәрінен биік тұратын тиімді мемлекет болатынымызды, қоғамдық тәртіпті бұзатын кез келген арандатушылық әрекетке қатаң тосқауыл қою қажет екенін атап өтті.  

Даладағы, көшедегі вандализм, кейбір азаматтарымыздың тәртіпсіздігі, мәдениетсіздігі еліміздің халықаралық аренадағы абыройына нұқсан келтіретінін, біздің негізгі мақсатымыз – заңды қатаң сақтау, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету екенін айтты.
Жолдауды іске асыру мақсатында Полиция департаментімен кешенді шаралар қабылданып келеді. Азаматтарымыздың құқықтарын қорғап, қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша профилактикалық жұмыстар күшейтілді. 2023 жылдың 9 айында қылмыстық құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған жұмыстардың нәтижесінде өңірімізде тіркелген қылмыстардың саны 3 пайызға, оның ішінде аса ауыр қылмыстар, адам өлтіру, ұрлық, мал ұрлығы, тонау, қарақшылық, бұзақылық азайған.

«Қазіргі таңда халқымыздың сеніміне ие болып, сапалы қызмет көрсету үшін қызметкерлеріміздің кәсіби біліктілігін арттырып, мамандар даярлау бүгінгі күннің талабы.
Сондықтан, өз қатарымызды білікті мамандармен толықтыру мақсатында 2019 жылы «Қорқыт Ата» атындағы Қызылорда университеті мен «Болашақ» университетімен кадрларды даярлау саласындағы ынтымақтастық туралы шектеусіз мерзімдегі Меморандумға қол қойылған.
Меморандумның аясында студенттерге Департаменттің жұмысымен танысу үшін экскурсиялар ұйымдастырылып, конференция, семинар мен кездесулер өткізілді. «Құқықтану» мамандығының студенттері кесте бойынша полиция бөліністерінен өндірістік тәжірибеден өтуде.
Түлектердің арасында іріктеу жұмыстары жүргізіліп, Ішкі істер министрлігінің білім беру ұйымдарының алғашқы даярлық курстарына жіберіліп, полиция органдарына «Қорқыт Ата» атындағы Қызылорда университетінің 350 түлегі қабылданса, оның 7-уі басшы лауазымда қызмет атқаруда» дейді Полиция департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Утегенов Амиржан Сермаханұлы.

Сонымен қатар, бүгінгі кездесу барысында Амиржан Сермаханұлы жастарды полицияға жұмысқа шақырды. Бүгінгі күні полиция қызметкерлерін мемлекет барлық қажетті әлеуметтік пакетпен қамтамасыз етуде. Тұрақты жалақы, қызмет бабымен өсу, еңбекақы сақталатын ұзақ еңбек демалысы және сауықтыруға берілетін жәрдемақы төлемі, еңбек сіңірген жылдар бойынша мерзімінен бұрын зейнетке шығу.

Бүгінгі шара барысында Мұғалімдер күніне орай жоғары оқу орнының оқытушылары марапатталды. Атап айтқанда, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінінің Басқарма төрағасы – ректоры филология ғылымдарының кандидаты Кәрімова Бейбіткүл Сәрсемханқызына және бірқатар оқытушыларғаҚызылорда облысы Полиция департаменті бастығының Алғыс хаты табысталды. Өз кезегінде Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің атынан Ішкі істер органдарының Құрметті ардагері, облыстық мәслихат депутаты Шаймағамбетов Әмірбек Бердібекұлы мен Полиция департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Утегенов Амиржан Сермаханұлы аталған оқу орнының Алтын медалімен марапатталды. Бұл ретте  ел құрметіне бөленген Әмірбек Бердібекұлы барлық ұстаздар қауымын төл мерекелерімен құттықтап, ақыл – кеңесімен, өмірлік тәжірибелерімен бөлісті. 

Студенттермен өткен бүгінгі кездесу тікелей диалог форматында өтті. Кездесу барысында студенттер өз идеялары мен пікірлерін ашық білдіріп, сұрақтар қойды. Амиржан Сермаханұлы жастармен еркін әңгімелесіп, ақыл-кеңесін айтты. Алдағы уақытта да студенттермен жиі кездесіп, барлық сауалдары мен ұсыныстарын тыңдауға дайын екендігін айтты.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!