Аймақта шағын және орта кәсіпкерлердің саны 37,5 пайызға ұлғайып, 72 685 бірлікке жеткен. Жалпы осы секторда жұмыспен қамтылғандардың саны 18 пайызға артты. Қазіргі таңда экономикадағы барлық жұмыспен қамтылғандардың шамамен 35 пайызы шағын және орта кәсіпкерлік саласында жұмыс істейді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен баспасөз конференциясында облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Азамат Каюпов мәлімдеді.

Сондай-ақ кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба жүзеге асырылып,ауыл тұрғындары мен жастардың кәсіпкерлік бастамаларын жеңілдікпен несиелендіру жұмыстары басталды.

– Облыста кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау және оны дамыту бағытында жұмыстар жүйелі атқарылуда. Мәселен, биыл кәсіпкерлікті қаржылай қолдауға әртүрлі көздерден шамамен 23 млрд. теңгеге жуық қаржы қарастырылып, жыл басынан бері 2 мыңға жуық жобаға қаржылай қолдау көрсетілді. Одан бөлек, кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында бизнестің жалпы несие портфелі 12,9 млрд. теңгені құрайтын 484 жобасы субсидияланды. Қаржы ұйымдары арқылы шағын бизнестің 723 жобасы 9,3 млрд. теңгеге несиелендіріліп, жас кәсіпкерлердің 316 жобасын 2 млрд. теңге шамасында қаржыландыру мақұлданды. Мұнан өзге, 400 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мемлекеттік гранттар жұмыссыз азаматтардың 722 жобасына табысталды. Бұдан өзге, өңірде шағын өнеркәсіп парктерін құру қолға алынды. Ол үшін республикалық бюджеттен 1 млрд. теңге, ал жергілікті бюджеттен 100 млн. теңге қаражат қарастырылуда,-деді Азамат Биғалиұлы.

Айта кететін жайт, кәсіпкерлік саласын мемлекеттік қолдаудан бөлек, салықтық ынталандыру шаралары да қоса атқарылуда. Биыл бөлшек сауда және халыққа қызмет көрсету саласындағы кәсіпкерлерге бөлшек салық режимін қолдану мүмкіндігі берілді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!