«Кітап – тақтан да қымбат». Иә, кітаптың оқыған кездегі әсері шексіз. Кітап арқылы біліміңді шындайсың, оқи отырып сан түрлі кейіпкердің өмірін көз алдына елестетесің. Кез келген адам өзіне жоспар құрады. Сол жоспардың ішінде «бір айда осынша кітап оқимын» деген мақсаттың болуы шарт.

Себебі бұл сенің рухани жан дүниеңнің тазаруына көмектеседі. Қазір көпшілік кітап оқымайды деген бар. Алайда кітапхана қызметкерлері бұл сөздің шындыққа жанаспайтынын дәлелдеді. Оған себеп – орталық алаңда өткен шараға келуші халықтың саны.
Қала күні мерекесіне орай өткен «KITAP FEST» кітап фестивалі тұрғындардың көңілінен шықққаны анық. Шараның мақсаты – оқырмандар санын арттыру, кітап оқуды насихаттау. Сонымен қатар кітап алмасу мәдениетін қалыптастыру да басты назарда. Яғни, өзің оқып болған кез келген кітапты қалаған кітапқа ауыстыруға болады.
Қала мерекесінің кезекті тағылымды шарасы Өнер арбатында өтті. Мұнда кітап көрмесі мен «Буккроссинг» кітап сөресінің ашылу салтанатын ұйымдастырылды. Сондай-ақ шаһар басшысы Асылбек Шаменов, қалалық мәслихат хатшысы Ибадулла Құттықожаев және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Хұсейн Әмір-Темір кітап сөресінің лентасын қиып, арнайы кітапшаға лебізін жазды.
– Сүйікті қаламыздың төл мерекесіне орай ұйымдас­тырылған игілікті шара­лар Өнер ар­ба­тын­да жал­ға­сып отыр. Бұл шара мән-мағынасымен ерекшеленеді. Себебі кітап – ол рухани қазына, сарқыл­мас байлық. Өмір айнасы, замана сыры. Тарих шежіресі, оқу-тәрбие құралы. Ол адамзат баласы­ның баға жетпес асыл құндылы­ғы, ғылымның қайнар бұлағы. Қазіргі таңда электрон­ды кітаптар тұрғында­ры­мызға қолжетімді болды. Жаңа туынды­лар кітап сөрелері­не қойылып, оқырман­дарға кеңінен танысты­ры­лып келеді. Десе де жастарды кітап оқуға
ынталандыру бағытында жасалатын шараларды тоқтатпау керек. Бүгінгі фестиваль дәстүрлі және қазақ әдебетінің үздік үлгілерімен және өлкеміздің тарихын дәріптейтін көптеген әдебиеттермен танысуға мүмкіндік беріп отыр. Балаларға арналған кітап базарлығы өз алдына ерекше. Қаламызда кітап дүкендері, баспа үйлері түрлі кітаптарды сатып алуға жағдай жасаса, оқу орындары өз әдебиетте­рімен қамтуда. Бұл жерлестерге жасалған үлкен мүмкіндік, бағалы сый. Сондықтан баршаңызды кітап оқуға, рухани азық алуға шақыра­мын, – деді Асылбек Шаменов.
Көрмеге келушілер алдымен «Өткені сырлы, келешегі нұрлы – Қызылорда» атты кітап көрмесі мен кітап жәрмең­кесімен танысты. Кітап фестивалі аясында Түркістан қаласынан «Мазмұндама» қоғамдық қоры, сондай-ақ облыс орталығындағы «Кітап ал» дүкенінің кітаптары сатылымға шығарылды. Қала әкімі бастаған топ «Буккроссинг» кітап сөресінің ашылу салтанатына қатысып, кітапхананың үздік оқырмандарын марапаттады. Мереке қалалық кітапханалардың мәдени шарасы мен «Bookathon» зияткерлік сайысына ұласты.
Иә, кітапханаға бас сұға қалсаңыз, құр қол шықпасыңыз анық. Себебі кітапханаларда қор көбейген. Бағамдай қарасаңыз, оқуға тұрарлық кітап табарыңыз анық. «Поэзия» мен «Проза» бөлімінде жанға жайлы шығармалар қатары артса, «Балалар бөлімінде» балалар қызыға оқитын, суретімен баурайтын еңбектер жетерлік. Тек кітапқа мұқият болып, бүлінбеуін қадағаласаңыз болғаны.
Мөлдір САБЫРЖАН