12 тамыз – Халықаралық жастар күні. Осыған орай, қала әкімімен жастар апталығы бекітіліп, 7-12 тамыз күндері аралығында жастар арасында түрлі шаралар ұйымдастырылады. Жастар күніне орай ұйымдастырылатын шаралар туралы бүгін баспасөз орталығында өткен брифингте «Qosyl» қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Алиби Басаров мәлімдеді.
Атаулы күнді мерекелеу 8 тамыздан бастап, яғни қала жастарының арасында тазалықты дәріптеу мақсатында «ECO Marathon» сенбілік акциясын өткізуден бастау алады. Акция барысында «Барлық игілік балаларға» жастар акциясы өтеді. Яғни қала аумағында жөндеуді қажет ететін, балаларға арналған ойын алаңдарын қалыпқа келтіру және көпшілік қайырымдылық шарасы болмақ. Сонымен қатар, «Мүмкіндіктер керуені» шарасы өткізіледі. Шара барысында қаланың шет аймақтарындағы (Титов қыстағы, Шанхай мөлтек ауданы) жастар мен тұрғындар үшін мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар бойынша көшпелі кеңес берілмек. Ал, 9 тамыз күні – «Aray City Mall» сауда үйі алдында шығармашыл жастар арасында «Qosyl Dance» заманауи би байқауы өткізіледі. Аталмыш орында жұмыссыз жастар үшін «Мүмкіндіктер алаңы» бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өткізіледі. 10 тамыз күні – «Самғау» жастар сыйлығы аясында қала жастары арасында қала көлеміндегі құрылыс нысандарының басында «Тас қалаушылар» байқауы өткізіледі. 11 тамыз күні – «Qosyl» жастар орталығының спорттық алаңында (К.Байсейітова, 82 үй) қала және қалаға қарасты кент және ауылдық округтердегі жастар арасында волейбол, үстел теннисі және ұлттық спорт түрлерінен (арқан тартыс, гір тасын көтеру, қол күрес) сайыстар ұйымдастырылады.
– Жастардың қызығушылығына сәйкес 12 тамыз күні қалалық мәдени және демалыс паркінде заманауи DJ-лердің қатысуымен би кеші өткізіледі. Шара барысында белсенді жастар қала әкімінің арнайы алғыстарымен марапатталатын болады. Қала жастарын айтулы мерекемен құттықтай отырып, жастар күніне орай өтетін шаралар легіне белсене қатысуға шақырамын, – деді орталық директоры Алиби Төлепбергенұлы.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!