Қызылорда қаласы әкімдігінде жастар саясаты жөніндегі кеңес отырысы өтті.
Кеңес отырысының күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша қалалық жұмыспен қамту орталығының директоры Жақсылық Төлегенов «Жастар арасында жұмыссыздық мәселесін шешуге арналған 2023 жылға жұмыс жоспары», жаңа бағдарламалар мен жобалар туралы баяндады.
Белкөл кентінің әкімі Жасұлан Сәду мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асырылуы мен NEET санатындағы жастардың дерекқоры және оның үлесін төмендету бағытында атқарылған жұмыстар туралы айтып өтті.
Жастар орталығының стратегиялық жоспарын талдау және «Жастар саясаты туралы» заң жобасына енгізілген өзгерістер туралы Qosyl қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Алиби Басаров тоқталып өтті.
«Qosyl» қалалық жастар ресурстық орталығының қызметін 2022 жылдың 11 айында 10 952 жас пайдаланды. Жыл басынан бері орталықпен 94 шара ұйымдастырылып, оған 9945 жас қамтылды. Жастардың сұранысына орай орталықта WI-FI, коворкинг орталығы, спорттық секциялар, креатив фото-видео студиясы, би залы және жастар ұйымдары кабинеті тегін қызмет көрсетуде, – деп, орталық директоры жыл бойына атқарылған шараларға қорытынды есеп жасады.
Кеңес төрағасы жастар саясатын дамытудың маңыздылығына назар аударып, кент және ауылдық округтердің жастарын шараларға кеңінен тартуды, олардың бастамаларына әрдайым қолдау көрсетіп отыру қажеттігін айтты. Сондай-ақ, әлеуметтік жобаларға жастардың психикасы мен суицидтің алдын алуға бағытталған шаралардың қосылатындығын мәлімдеді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!