Сіз білесіз бе, сіз қан тапсыру арқылы бір мезетте үш адамның өмірін құтқарып қала аласыз. Одан бөлек, былайғы өмірде қан тобыңызды білмей жүрсеңіз, қан тапсырған соң қан тобыңыз тұрмақ, оның құрамын, денсаулығыңыздың жай-күйін, барлығын білесіз. Сондай-ақ, талай аурудың алдын алатын пайдасы тағы бар. Халық бұл процестің пайдасын жақсы меңгерген. Жыл басынан бергі үш айда 3 276 адам жүгінсе, оның 2 618-і қан тапсырған. Уақыт өте келе қан тапсырудың пайдалы екенін ұғынып, алғашқы қадам жасағандары да бар. Биылғы келушілердің ішінде 603 қан тапсырушы бірінші рет келгендердің қатарында. Қан орталығындағы қайнаған қызу тіршіліктің арасында халыққа қызмет етіп жүрген донорлықты ұйымдастыру жөніндегі дәрігер Фариза Сейітхановамен пікірлесіп, қан тапсыру жайына қанықтық.
Елімізде жылына 200 мыңнан астам донор болады екен. Медицина мамандарының айтуынша, донорлық қан құю акушерлік сала, онкогемотология, хирургия, травмотология бағыттарында кең қолданысқа ие. Қазақстан бойынша 300-ден астам дәрігер, 700 медбике, стационарларда 500-ден астам дәрігер жұмыла жұдырық болып еңбек етеді. Жыл сайын Қазақстанда 200 мың литр қан жиналып, өңделеді. Мұның барлығы халықтың денінің саулығына жасалып жатқан жағдайлардың бір парасы ғана. Бүгінде қан орталығы мамандары аталған саладағы қордың жинақталуына еңбектеніп келеді. Жылына бірнеше мәрте дәстүрлі түрде қан тапсыратын да адамдар жетерлік. Негізінен араға 2-3 ай салып, келетін донорлар да көптеп кездесетін көрінеді.
– Донорлар қан тапсырудың адам ағзасына қаншалықты пайдалы екенін жақсы біледі. Бізге келушілердің арасында қан қысымы бар кісілер бар. Олар тұрақты түрде қан тапсырып, қан қысымын түсіреді. Бірақ тұрақты дәрі ішпеу керек. Қанайналым жақсарады. Тапсырған қанның орны толуы үшін адам ағзасындағы барлық клеткалар оянып, соған белсенді жұмыс істейді. Эритроцит, троамбоцит тәрізді клеткалар оянған соң ағзада жаңа қан түзіледі. Оның он түрлі пайдасы бар. Тері жаңарады, семіздіктің алдын алады. Ер кісілерде ұйқы ашылады. Ал көп жағдайда әйел адамдар етеккір тоқтағаннан бастап келеді. Жақында бір кісі келіп, өзі қан тапсыруды бастады. Айтуынша, оның әкесі бала күнінен қан тапсырып келіпті. Инфаркт алғанда сол қан тапсырғанның арқасында тамырларда қан жүрер жолдары таза, бітелмей сол дертті жеңген екен. Міне, қан тапсырғанның пайдасын айқындайтын бұлтартпас дәлел осы емес пе? – дейді Фариза Қалдыбекқызы.
Бүгінде сирек кездесетін қан топтарына теріс мәнді І, ІІ, ІІІ, ІҮ топтап жатады. Ал осы қан тобы қажет болған жағдайда дереу қордан қарайды, болмаса базадағы донорлардың ішінен тауып, шақырып жатады. Мұның барлығы адам өміріне араша болған ақ халаттылардың кәсіби шеберлігі мен ұйымдастырушылық қабілеті зор ықпал етсе керек-ті. Тіпті, аудандардан да шұғыл алдыратын кездер болады. Білікті маман мұндай шақтардың қайсы бірінде де ақ халаттылардың өз қызметін дер кезінде мүдірмей атқарып жатқанын жеткізді. Айтпақшы, қазір де бала көтере алмай жүргендер мен баланың қыз немесе ұл болуын қалайтындар да қан тапсыру арқылы ойдағы армандарына қол жеткізіп жүр деседі.
– Бізде бұл бағытта бірнеше жағдайлар бар. Қан тапсырған соң организмі жаңарып, талай жылдан бері күткен жүктілікке қол жеткізгендер де бар. Жолдасының кеңесімен келіп, қан тапсыратындар да кездеседі. Мысалы, отбасында бірыңғай қыз немесе бірыңғай ұл балалар өмірге келсе, ер азаматы қан тапсыруға келіп, ағзасын жаңартып кетеді. Әрине, ол жалғыз біздің ғана пайымымыз емес, сала дәрігерлерінің де кеңесі болса керек. ЭКО арқылы бала көтеруге ниеттенгендер де алдымен қан тапсырып жатыр. Ал қан тапсырғаннан кейін күтімді де ұмытпау керек. Тамақтану жағы жақсы болған жөн. Витаминдер, пайдалы тағамдар жеген абзал. Сонда екі айдың ішінде адамның бойындағы қан айналымы да, қан құрамы да қалыпқа келеді, – дейді Фариза Қалдыбекқызы.
Бекет Мантаев, тұрақты қан тапсырушы:
– Мен 20 жылдан бері тұрақты қан тапсырып келемін. Алғаш тапсырған уақыттарда жас хирург болдым. Түнгі кезекшілікте тұрамыз. Қаншама науқас келіп жатады. Қан жетіспей жатқанда, қан тапсырып бастадық. Оның үстіне сенің тамшыдай қаның қанша адамның өміріне сеп болады. Біреуге көмегің тисе, бақытты боласың ғой. Одан бөлек, өзіңнің денсаулығыңа да қаншама пайдасы бар. Бұл адамгершілік жағынан да, шариғат тұрғысынан да ізгілікті іс деп есептеймін.
Қарлығаш Тулеуова, тұрақты қан тапсырушы:
– Жасым 40-қа келгенше ауырып көрмедім. Қырықтан аса бере көзім қарауытып, қан қысымым көтерілетінді шығарды. Содан бір кісі қан тапсырып көрсең қайтеді деді. Әдейілеп барып тапсырдым. Бірінші барғанымда қанымды бір бөлімше жүріп әрең алды. Қою екен. Содан қан алып жатқан дәрігер «Сіздің қаныңыз сирек кездесетін топтан. Сіз екі ай сайын келіп тұрыңыз» деді. Осы тапсырған соң көзімнің қарауытқаны да, қан қысымымның көтерілгені де қойды. Жүрек соғысы қалыпты болды. Келесі барғанда бұрынғыдай емес, оңай алынды. Қазір тұрақты тапсырып жүрмін. Денсаулығым да жақсарды. Айналамдағы жақындарыма да қан тапсырып, донор болудың пайдасын айтып жүрмін.
Бүгінде қан орталығына күнделікті 30-40 адам келіп, қан тапсырады. Мұның өзі халықтың донорлыққа деген көзқарасының жоғары екендігін көрсетеді.
Дәулет ҚЫРДАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!