Kyzylorda-news.kz. Биыл жастарды толғандыратын өзекті мәселелерді анықтау мақсатында мониторингтік-талдау жұмыстары жүргізіліп, республикалық үлгіге сәйкес жастар саясатының өңірлік төлқұжаты әзірленуде. Әрі мемлекеттік бағдарламалардың жергілікті жердегі әкімшілерімен салааралық байланыс күшейтіліп, бірінші тоқсанда облыстық орталық 9 тараппен әріптестік меморандумға қол қойды. Аталмыш зерделеу жұмыстары нәтижесінде жас отбасыларды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету, NEET санатындағы жастар санын төмендету бағытында бірқатар жұмыстар жасалмақ.
«Өздеріңізге белгілі, қоғамда жастардың рөлі зор. Биыл біз жастар арасында өзекті деп танылған 10 бағыт бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Оның ішінде жастарға бейресми білім беру, жұмысқа орналастыру, кәсіпкерлікті дамытуға жағдай жасау, қолжетімді тұрғын үй желісін дамыту, саламатты өмір салтын қалыптастыру, жастарды рухани-адамгершілік және отбасылық құндылықтарға тарту, сондай-ақ дарынды жастардың бастамаларына қолдау көрсету сынды істер бар», – деді облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры Азамат Мукеев.
Айта кетейік, бүгінде NEET санатындағы жастар 8,3 пайызды құрап отыр. Алдағы 5 жылдықта 7 пайызға дейін төмендету жоспарлануда. Ол үшін облыстық жастар ресурстық орталығында NEET санатындағы жастармен жұмыс жасау жөніндегі арнайы бөлім құрылды және әрбір елді мекендерде әлеуетімен адрестік жұмыстар күшейтілетін болады.
Бұдан бөлек, биыл жастарды жұмыспен қамтуға «Жасыл ел» қатарында 1115, «Жас құрылысшылар» қатарында 300-ге жуық жасты еңбекпен қамту жоспарлануда.
Жалпы, жыл басынан бері жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен түрлі бағытта 800-ге жуық шара өткізілді. Мәселен, «Облыстық волонтерлер фронт-офисінің» қатысуымен 1329 отбасыға азық-түлік, 105 отбасыға киім-кешек беріліп, демеушілердің қолдаумен 45 млн. теңгеге қаржылай көмек көрсетілді. Сондай-ақ, былтыр пандемия кезінде орталық мамандары мекемелердегі, мұнай компаниялары мен кәсіпорындардағы істен шыққан ескі компьютерлерді жинақтап, IT парк мамандарымен бірлесіп қайта құрастырып 300 компьютерді тұрмысы төмен отбасылардың балаларына ұсынды.
Бұдан бөлек, бүгінде жастардың бос уақытын тиімді өткізу үшін орталықтар тарапынан ақысыз негізде 12 үйірме жасауда. Үйірмелер жұмысына тұрақты түрде 1224 жас қатысады. Оның ішінде жайдарман, дебат, би, шахмат, видеограф үйірмелері мен ағылшын тілін оқыту курстары бар.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!