Биыл Қызылорда облысында NEET санатындағы жастарды анықтау мақсатында «Отбасылық цифрлық картасы» әзірленіп, аймақтағы 11 297 жастың тізімі бекітілген болатын. Цифрлық карта аясында жазасын өтеуші жастар мен пробация есебінде тұрған азаматтарға басымдық беріліп, жан-жақты іс-шаралар жоспары бекітіліп келеді. Алдағы уақытта есепте тұрған 14-35 жас аралығындағы азаматтардың тізімі бойынша адрестік жұмыстар жалғасын тауып, түрлі бағыттағы шаралар қолға алынбақ.
Осы мақсатта облыстық Жастар ресурстық орталығы мен Қызылорда қалалық пробация қызметі жазасын өтеушілер және пробация қызметі есебінде тұратын жастармен жұмысты үйлестіру мақсатында өзара серіктестік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Атап айтқанда есепте тұрған азаматтарға кеңес беру шаралары, кәсіби бағдар беру және жұмыспен қамтылуына ықпал ету үшін сала мамандарымен кездесу, өмірлік қажетті дағдыларды үйретуге арналған семинар-тренингтер өткізу, «KinoTime» аясында көрнекті бейнефильмдердің көрсетілімін ұйымдастыру, психологиялық тренингтер мен арт-терапия, қала көлемінде ірі кәсіпорындарға экскурсия, есепте тұрған жастардың салауатты өмір салтын ұстануы, зиянды әдеттердің алдын алуға бағытталған спорттық шаралар ұйымдастырылып, нәтижелі жұмыстар жүргізілмек.
Жиын барысында Қызылорда қалалық пробация қызметінің бастығы әділет полковнигі Д.Садуақасов жастардың әлеуметтенуі үшін қабылданып жатқан шараларды қолдайтындығын жеткізіп, екі жақты келісім аясында жасалатын жұмыстарға сәттілік тіледі. Сонымен қатар орталық қызметкерлері аталған санаттағы жастармен жұмыс жасауда өзекті мәселелерге тоқталып, түрлі бағытта жұмыс жасайтындықтарын жеткізді.
Жазасын өтеуші және пробация есебінде тұрған жастарды қоғамға қайта бейімдеу, әлеуметтік маңызды салаларда өз орнын табуға көмектесу, жұмысқа орналастыруға шақыру мен қоғамдық қызметке белсене араласуға ықпал ету мақсатында алдағы уақытта қос тарап жан-жақты жұмыстар жүргізіп, нәтижеге қол жеткізбек.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!