Өңірдегі балаларға арналған алғашқы киностудия – «Aslan films» қазақ киноиндустриясына тағы бір тың туындыны тарту етті. Киностудияның бастамасымен түсірілген «Сәт» веб-сериалы көрерменге жол тартып, «Достық үйінде» аталған кинокартинаның тұсауы кесілді. Ел болашағы – балалардың игілігіне арналған жобаның көрсетіліміне облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай қатысты.
Спортқа қызығатын жастардың өмірі, сондай-ақ бозбала мен бойжеткен арасындағы бала махаббатты арқау еткен веб-сериал 5 бөлімнен тұрады. Жоба жетекшісі Жасұлан Алдабергенов тұсаукесер барысында: «Киностудия алғаш ашылған сәттен бастап бізге қолдау көрсетіп жүрген көрермендерге ризашылығымды білдіремін. Бұл – сіздердің де жетістіктеріңіз. Мұнымен тоқтамаймыз, алдағы уақытта мұнан да жоғары деңгейдегі туындылармен қуантатын боламыз. Бәрі де балалар үшін», – деді.
Айта кету керек, «Aslan films» студиясы кәсіпкер Жасұлан Алдабергеновтың бастамасымен 2020 жылы «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Балалар киностудиясы» жобасының қайтарымсыз грантына қол жеткізді. Студия 3 миллион теңге көлемінде қаржылай қолдауға ие болды. Бұл қаржыға арнайы құрал-жабдықтар алынып, студия заман талабына сай техникалық жарықтармен жабдықталған.
Ерекше кештің соңында киностудия ұжымына облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды. Ата-аналар да балаларының жетістіктеріне ерекше қуанып, шығармашылық ұжымға алғыс білдірді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!