Қазақстандықтардан түсетін салық — мемлекеттік кірістің бір бөлігі. Алайда жеке меншігіне тиесілі салықты төлемей, жылдар бойы қашып жүретіндер бар. Осы орайда Қызылорда қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Жорабек Нәбиұлымен өңірдегі салық төлеу мәдениеті жөнінде сұқбаттасқан едік.
— Жеке меншікке салық төлеуде кімдерге жеңілдік қарастырылған?
— Салық Кодексінің 526-бабы 2-тармағына сәйкес жеке тұлғаларға мүлік салығы бойынша келесідей жеңілдіктер қарастырылған. Атап айтқанда, Кеңес Одағының Батырлары, Социалистiк Еңбек Ерлерi, “Халық қаhарманы”, “Қазақстанның Еңбек Ері” атақтарына ие болған, үш дәрежелi Даңқ орденiмен және “Отан” орденiмен наградталған адамдар, “Батыр ана” атағына ие болған, “Алтын алқа” алқасымен наградталған көпбалалы аналар, бөлек тұратын зейнеткерлер – меншiк құқығындағы барлық салық салу объектiсінiң жалпы құнынан республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткiштің 1000 еселенген мөлшері шегiнде, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер және басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдар, сондай-ақ 1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемінде алты ай жұмыс істеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталмаған адамдар, мүгедектер – меншік құқығындағы барлық салық салу объектісінің жалпы құнынан республикалық бюджет туралы заңда белгiленген және тиiстi қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 1500 еселенген мөлшері шегінде, жетім балалар және 18 жасқа толғанға дейінгі кезеңге ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жеңілдік бар.
Ал ҚР Салық Кодексінің 490-бабына сәйкес меншігіндегі бір автокөлік құралы бойынша:
1) Ұлы Отан соғысының ардагерлері, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер және басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мінсiз әскери қызметi үшiн бұрынғы КСР Одағы ордендерiмен және медальдарымен наградталған адамдар, сондай-ақ 1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемінде алты ай жұмыс істеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мінсiз әскери қызметi үшiн бұрынғы КСР Одағы ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдар, Кеңес Одағының батырлары мен Социалистiк Еңбек ерлерi, “Халық қаhарманы”, “Қазақстанның Еңбек Ері” атақтарына ие болған, үш дәрежелі Даңқ орденiмен және “Отан” орденiмен наградталған адамдар, “Батыр ана” атағына ие болған немесе “Алтын алқа” не “Күмiс алқа” алқаларымен наградталған көпбалалы аналар;
2) меншiгiнде мотоколяскалары мен автомобильдерi бар мүгедектер көлік құралы салығын төлеушілер болып табылмайды.
– Өңірде салықтан жалтаратындар көп пе?
– Кірістер органдары салық төлеуші (салық агенті) ұсынған есепті, уәкілетті мемлекеттік органдардың мәліметтерін, сондай-ақ салық төлеушінің қызметі туралы басқа да құжаттар мен мәліметтерді зерделеу және талдау негізінде камералдық бақылау жүзеге асырылады.
Осыған сәйкес, салықтан жалтару фактісі анықталған жағдайда кірістер органдарымен салық төлеушіге ҚР Салық Кодексі 96-бабына сәйкес камералдық бақылау нәтижесімен анықталған бұзушылықтар бойынша хабарлама жасалады. Оның орындалу мерзімі 30 жұмыс күнін құрайды.
Мерзімінде орындалмаған жағдайда, Салық Кодексінің 118 бабына сай, салық төлеушінің банктік шығыс операциялары тоқтатылу бойынша өкім шығарылады.
Қазіргі танда салықтан жалтаратын салық төлеушілердің саны аз емес, бірақ олардың барлығы автоматтандырылған ақпараттық жүйелер арқылы анықталып, тиісті жауапкершілікке тартылатын болады.
– Жылдар бойы салық төлемей келе жатқандарға қандай шара қолданылады?
– Барлығы заңмен шешіледі. Мәселен, Салық Кодексінің 116-бабына сәйкес салық төлеушінің (салық агентінің) белгіленген мерзімде орындалмаған салықтық міндеттеменің орындалуын қамтамасыз ету тәсілдері мынадай:
1) салықтардың және бюджетке төленетін төлемдердің төленбеген сомасына өсімпұлды есепке жазу;
2) салық төлеушінің банктік шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру;
3) салық төлеушінің кассасы бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру;
4) салық төлеушінің мүлікке билік етуін шектеу тәсілдерімен қамтамасыз етілуі мүмкін.
– Салық төленбесе, мүлік иесінің карталары бұғатталып, іс сотқа жіберіледі. Ал салық төленген сәтте сот орындаушыға қанша пайызы беріледі?
– Бұл сұрақтың жауабы да арнайы заңда қарастырылған. Берешек бюджет есебіне өндірілмеген жағдайда жеке сот орындаушыларға бағдарламалар арқылы салық бұйрықтары жолданады. Осыған байланысты, жеке сот орындаушылар өз құзіреттілігіне сәйкес мәжбүрлеп өндіру шараларын қабылдайды. Нақтырақ айтар болсақ:
– атқарушылық құжаттарды орындайды;
– борышкерлердің ел аумағынан шығуын уақытша шектейді;
– мерзімді орындау үшін борышкерлердің жұмыс орындарына атқарушылық істі жолдайды;
– жүргізуші куәлігіне шектеу салады;
– борышкерлердің мүліктеріне тиым салады;
– мүлкінен өндіріп алу және берешектерді төлеуден жалтарып жүрген борышкерлерді әкімшілік жауаптылыққа тартады.
Өз кұзіреттігіне сәйкес 25 пайызға дейінгі өндірісте тұрған сомаға сәйкес қызметіне ақы алады.
– Мемлекеттік кіріске бір жылда қанша салық төленді?
– Өткен жылы жалпы мемлекеттік бюджетке 109 млрд 487,8 млн теңге түсім түсіп, 2021 жылмен салыстырғанда 18 млрд 288,7 млн теңгеге артты. Оның ішінде республикалық бюджет түсімі 67 млрд 432,2 млн теңгені құрады. Ал жергілікті бюджет түсімі 42 млрд 55,6 млн теңге болып, 2021 жылмен салыстырғанда түсім 3 млрд 849,9 млн теңгеге артқан. Дегенмен салық төлеу мәдениеті енді ғана қалыптасып келеді.
– Сұқбатыңызға рақмет!
Әңгімелескен
Дина Бөкебай
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!