Кинодағы ғашықтық шынайы өмірде шындыққа айналатын құбылысты байқап та, көріп те жүрміз. Мұндай сәт сонау XX ғасырда-ақ отандық киноиндустриядағы өнер жұлдыздарында орын алған. Тарих беттері қазақ киносының корифейі Құман Тастанбеков пен Меруерт Өтекешеваның «Қыз Жібек» фильмі арқылы танысып, табысқанын айқындап тұр. Өнерлі жұп аталған фильмнен кейін жұптарын жазған емес. Ал бүгінде мұндай махаббат мұнарасын фильм арқылы көтеретіндер көбейген. Соның бірі – Ермек Тұрғанбек пен Нарқыз Айдарова.
Өткен жылы Qazaqstan арнасында көрерменге жол тартқан «Махаббат, қызық мол жылдар» телехикаясы сан көрерменнің сүйікті сериалына айналды. Әзілхан Нұршайықовтың романы желісінде түсірілген сериалдың басты рөлін Ермек пен Нарқыз сомдап, Ербол мен Меңтайды жоғары деңгейде алып шықты. Романдағы қос ғашықтың сезімін шынайы сомдағаны соншалық, теледидардан тамашалаған жұрт өнер иелеріне «табысып кетсе» деген тілегін жеткізген. Сериал түсірілімі аяқталысымен көрерменнің тілегі қабыл болып, Ермек Нарқызға шынайы сезімін білдірді. Осылайша фильм арқылы табысқан тағы бір жұп толықты. Жұлдызды жұптың махаббат хикаясын тарқатып көрсек.
Аға мен қарындас қатынаста жүрген Ермек пен Нарқыздың жолы кастингте түйіскен. Өнер иелері үшін «Махаббат, қызық мол жылдар» телехикаясының кастингі оңай соқпаған.
Ермек: «Махаббат, қызық мол жылдардың» актерлерін Cinexus сайты арқылы жинады. Кастингке бүкіл Қазақстан қатысты. Өз басым бұл сайтқа өзім жайлы мәліметтер жіберген емеспін. Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдар» деген туындысына кастинг жүріп жатыр, өзің жайлы деректерді, суреттеріңді жіберсең болады» деп маған көктемде айтқан болатын. Бірақ мен жұмыстармен жүріп, жіберуді ұмытып кетіппін. Сонымен 2020 жылғы мамырдың соңына таман мені іріктеуге шақырып, суретке түсірді. Алдымен «фотопроба» болды. Одан кейін «видеопробаға» шақырды. Сөйтіп, екі үш рет шақырғаннан кейін Ербол рөліне бекітті.
Нарқыз: Ең алғаш кастинг жайлы Qazaqstan ұлттық арнасының жарнамасынан көрдім. Одан кейін толық мәліметпен танысып, анкетамды қалдырдым. Қателеспесем, 2020 жылы 21 наурыз сағат таңғы 9:30 болатын. Екі-үш аптадай бір хабарын беретін шығар деп күттім. Бірақ ешкім хабарласпады. Арада екі ай өткеннен кейін хабарласып, шақырды. Оған барғаннан кейін сериалдың толық сценарийін берді, оқып шықтым. Бірақ маған алғашында Майраның (Меңтайдың құрбысы) рөлі бұйырыпты. Бірақ өзім «тек Меңтайдың рөліне түскім келеді» деп іштей ниеттенгеннен кейін ол рөлден бас тарттым. Продюсер «онда басқа жобаларға түсе бер, кейін бірге жұмыс істей жатармыз. Біз негізі Меңтайдың рөліне басқа актриса алып қойған едік» деді. Бірақ сол күні түнгі 12-де қайта хабарласып, Меңтайдың рөліне қабылданғанымды айтты.
Екі ғашықтың сезіміне сериал түрткі болыпты.
Ермек: Иә, махаббатымызға сериал түрткі болды. Сериал кінәлі бәріне, сериалдың кесірінен бәрі (күлді).
Нарқыз: Негізі, иә, сериал – себепкер. Мен өнер академиясына бірінші курсқа түскенде Ермек үшінші курс оқып жүрген. Ол кезде үлкен курстарды танымаймыз. Бір күні асханада отырғанда қасымдағы қыздар: «Мә, біздің 3-інші курстың жігіттері әдемі, иә?» дегенде бұрылып, бірінші Ермекті көргем. Сосын қыздарға «Cендердікі көз бе, без бе? Қай жері әдемі? Қап-қара ғой» дегенмін. Содан тұрып, кетіп қалдық. Бірақ бір оқу орнында оқығаннан кейін бір-бірімізді сырттай танитынбыз, сәлеміміз түзу болатын.
Одан кейін осы кастингтен соң барып, Ерболды Ермек ойнайтынын білгенде қатты таңғалдым. Оның алдында «Бір тоқсанда» да бірге ойнау керек едік, бірақ бір жағдайларға байланысты мен Заринаның («Бір тоқсан» сериалында Ермек сомдайтын кейіпкердің ғашығы) рөлін ойнай алмай қалдым. Міне, содан бір жылдан кейін «Махаббат, қызық мол жылдардың» түсірілім алаңында кездестік. Түсірілім басталардан 1-2 апта бұрын ертерек барғанымызда, режиссер бізді таныстырып тұрып: «Сериал аяқталғанда сендер отбасын құрасыңдар, бірге боласыңдар» демесі бар ма?! Бірақ арада бәрібір бір барьер болды. Бірақ бұйырған нәрсе кетпейді екен, басымызға жазылғаны осы болды. Одан қашып кете алмадық. Махаббатымызға себеп – осы сериал. Осы жерде таныстық. Бір-бірімізді ұнатсақ та айта алмай жүрдік. Бірақ тез тіл табысып кеттік. Төрт ай бойы бірге рөл сомдадық. Сериал түсірілімі 19 қыркүйекте аяқталса, мені 20 қыркүйекте ұзатты. Карантин болған соң, шағын той жасап, отбасымызбен атап өттік.
Небәрі 1 жарым айда сезім ұшқынын байқаған махаббат иелері қазір керемет отбасыға айналған. Фильм арқылы жол тапқан Ермек пен Нарқызды 15 сәуір – Қозы Көрпеш пен Баян сұлу күнімен құттықтаймыз, бақытты, баянды ғұмыр тілейміз!
Зере ӘДІЛЕТ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!