Тәр­бие­ші офицер­­лердің жеке құрамды басқарудағы және жауынгерлік міндетті орындаудағы алатын орны ерекше. Ал сол атқарар қызметтің жемісті болуында әрқашан үйдегі жайлылықтың ықпалы зор. Себебі Отансүйгіштік отбасыдағы тәрбие-ынтымақтан басталады.

ҚР ҰҚҚШК облыс бойынша департа­ментіне қарасты шекара бөлімшесі басты­ғының тәрбие, идеология­лық жұмыс­тары бойынша орын­басары лейтенант Ердаулет Қайырбе­ков Түркістан облысы, Арыс қаласының тумасы. Курсанттан бастап ел шебіндегі шекарашы-офицерге дейінгі сара жолды жүріп өткен жас тәрбиеші ұжымда құрметке ие, қызметке құлшынысы мол.
Ердаулет спортқа ынта қойған. Оған әскери қызметтен зейнеткерлікке шыққан әкесінің тәлімі себеп болса керек. Аяулы әке болашақта ұлының өмірлік жолы әскермен байлынысқанын қалаған. Алайда Ердаулет бұл саланы бірден таңдай қоймай, мектептен соң алғашында қаржы саласын меңгеру үшін Алматыдағы “Нархоз” колледжінде білім алды. «Ә» дегеннен аталған мамандықтың қолайына жақпайтынын сезіп, таңдауын өзгертуге тырысқан. Осылайша, әке жолын қуып, Алматыдағы шекарашылар ұстаханасына оқуға түсуге шешім қабылдайды. Ол академияда оқып жүріп түрлі конференцияға қатысып, жүзумен тұрақты айналысқан. 2021 жылы аталған оқу ордасын жақсы бағамен бітіріп, алғашқы офицерлік «лейтенант» шеніне қол жеткізді.
Ердаулет өзінің болашақ жарымен курсанттық шақтың соңғы жылында танысқан. Айтуынша, екеуара әңгімеде әскери қызметтің қызығы мен шыжығына толы ой-пікір бөліскен екен. Әсіресе, әскери адамның өмірі, үнемі қоныс аудару, іс-сапар туралы болашақ жарының пікірін білмек болады. Екі пікір бір арнаға тоғысқанын сезген жастар шаңырақ көтеруге бел буып, тағайындалған қызмет орны – Қызылорда өңіріне бірге аттанады.
Бүгінде Қайырбековтер отбасының Қызылқұмның ортасында орналасқан шалғай бөлімшеде қызмет атқарып жүргеніме екі жыл болды. Отанасы Меруерт бөлімшеге келгендегі алғашқы әсерін үнемі толқыныспен еске алады.
«Бөлімшеге түн жарымында жеттік. Жол бойы ешқандай жарық шам байқамадым. Тастай қараңғы. Айналада адам баласы көрінбеді. Елсіз дала, толассыз шаңды боран. Соқпақтармен әрең жеттік. Дегенмен, әу бастан қайда келе жатқанымды жақсы білдім. Сондықтан бұл жерге үйренісу қиын болмады. Ең бастысы – жолдасым қасымда. Алғашқы күндері ешкімді танымай, жалғызсырап жүргенім рас. Бөлімшеде уақыт қызықты әрі пайдалы өту үшін қолөнермен айналысып, көркем әдебиет көп оқыдым. Сөйтіп жүргенде уақыт сырғып өтті.
Біртіндеп бөлімше ұжымына үйренісе бастадым. Уақыт өте аға-інілерімдей жақын болып кетті. Кейде асханадағы аспазшыларға білгеніммен бөлісіп, ас әзірлеуде көмек қолын созудан бас тартпаймын. Мейрам күндері тәттілер әзірлеп, үлкен дастархан жайып, бір шаңырақ астындағы отбасындай бас қосып отыратынымыз бар. Араға бір жылдай уақыт салып, Ердаулет екеуміз қызды болдық. Лашын шекарашы ағаларына бауыр басып қалған. Ердаулет кеңсесінде жұмыс жасап, өзім ас әзірлеумен жүргенімізде қызымыз жеке құрамның қасында емін-еркін ойнап жүре береді. Тіпті демалыста жүрген күндері оларды іздейтін көрінеді», – дейді Меруерт .

P.S. Офицердің жары болу оңай емес. Мұндай жауапты жүкті арқалау кез келгеннің қолынан келе бермейді. Күні-түні қызметте жүретін жарының жанынан табылу, күйбең тіршілік, үй шаруасы, бала тәрбиесімен айналысу қиынның қиыны. Сондықтан құқық қорғау мамандарының бабын жасайтын нәзікжандылар қандай құрметке болсын лайық.


Т.Серікқалиев

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!