Жалағаш ауданындағы «Тюрешова» фермерлік қожалығы жиырма жылдан бері мал және егін шаруашылығымен айналысып келеді. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары құрылған отбасылық кәсіп бизнес алаңында өз бағасын алып үлгерген. Алғашында «Сыбаға» бағдарламасының көмегімен алынған ірі қараның қазір төл басы көбейіп, күріш алқабының көлемі ұлғайған. Іргелі шаруашылық жұмысын бүгінде  жас кәсіпкер Нұрдәулет Болатбекұлы  жалғастыруда. 

Нұрдәулеттің негізгі мамандығы ақпараттық технологиялар саласы болса да, ауылшаруашылығын бес саусақтай білетін ұл бизнеске келгеніне өкінбейтінін айтады. Отбасындағы төрт ағайындының кенжесін ата-анасы бала күннен еңбекке баулып, төрт түліктің жайын қамдауға үйреткен. Бір қызығы, бизнеске беттеген Нұрдәулет қоғамдық шараларды назардан тыс қалдырған емес.

‒  2017 жылдан бастап «Тюрешова» шаруа қожалығында ірі қара басын көбейтіп, күріш егуді қолға алдым. Өздеріңізге белгілі, мал шаруашылығы ‒ бейнеті мен зейнеті қатар жүретін кәсіп. Сол үшін шаруа адамы қандай жағдайға да сабырлы болу керек. Осыған дейін ата-анаммен бірге кәсіптің қызығымен бірге қиындығын да көріп келемін және бұл маған үлкен тәжірибе болды. Биыл Маңғыстау мен Арал өңірін жайлаған қуаңшылық біздің ауданды да айналып өтпеді. Су тапшылығы күріш егетін шаруалардың басты мәселесіне айналса, жем-шөптің аздығы да бізді ойлантпай қоймады. Тіпті судың жеткіліксіздігінен жоңышқаның шықпай қалғаны да рас. Бірақ мұндай сәттерде қол қусырып отыруға болмайды, себебі бақыт пен береке еңбек еткен адамға ғана басын иеді. Соның нәтижесі болар, биыл ірі қара басы 127-ге, жылқы басы 2 үйірге жетті, 55 гектар жерге күріш егіліп, әр гектарынан 65 центнерден өнім алынды, ‒ дейді жас кәсіпкер Нұрдәулет Болатбекұлы.   

Айта кетейік, осыған дейін Жастар ресурстық орталығы және «Темірқазық» қоғамдық бірлестігі «Тюрешова» шаруа қожалығында үш күндік еңбек лагерін өткізген еді. Жастарды дала жұмысына (егін егу, шоққа нан пісіру, айран пісу, сиыр сауу, шөп жинау) бейімдеуді көздеген Нұрдәулет бұл бастамаға білек сыбана кіріскен сонда. Жас кәсіпкермен тілдесу барысында қайырымдылық шараларына жиі қол ұшын беріп, сауапты істерді жақсы көретінін де байқадық. Сондай-ақ Нұрдәулет нарықтағы баға мәселесіне көңілі толмайтынын айтумен қатар алдағы жоспарымен де бөлісті:

‒ Жаз бойы еңбектенген соң күрішті жақсы бағада сатылымға шығарғың келеді. Болашақта ет бағытында мал басын көбейтіп, сүт өнімдерін сатылымға шығаруды, күріш ақтайтын завод салуды, техникаларды жаңартуды жоспарлап отырмыз, ‒ дейді ол.   

Гүлдана НҰРТАЙҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!