«Ер – елінің қорғаны, ел – ерінің панасы» деген даналық сөз бекер айтылмаған. Әрбір азамат туған Отанына қамқор бола білсе перзенттік парызының өтелгені. Ұлт үшін ту түбінен табылатын табанды ер тәрбиелеу әр ата-анаға бұйыра бермес бақ. Халқымызда «Таға атты сақтайды, ат үстіндегі ер-азаматты сақтайды, ал ер-азамат елді сақтайды» деген сүбелі сөз бар. Расымен, тұтастық бірлікке үндейді.
Ел бірлігіне сызат түсірмей бейбітшілігімізге қорған болып жүрген шекарашылар екені әмбеге аян. Олардың ең басты міндеті – Отанды қорғау ел шебін күзету. Шекара басқа көрші мемлекеттермен тұспа-тұс келетін белгіленген жер. Шекарашылар кезектесіп көз ілместен, кірпік қақпастан күні-түні Отанымызды күзетеді. Шекарашы сақ болса, елдің ұйқысы тыныш, күлкісі жарқын. Ал оны күзету Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметіне сеніп тапсырылған.
Тарих тінін тарқатсақ, ұшқан құстың қанаты талатын ұлан-байтақ даламызды сыртқы басқыншылардан қорғау жолында қаншама баһадүр бабаларымыз басын бәйгеге тікті. Ата-бабадан мирас болған қасиетті жерімізді сақтау жолында қажет кезде қолына қару алып қорғаған қаһарман бабаларымыздың аманатын сақтау үлкен жауапкершілік.
Еліміз өз алдына дербес мемлекет атанған соң 1992 жылдың 18 тамызында Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара қызметі құрылды. Мемлекеттік шекара күзетін заң талаптары аясында жүзеге асыру ісі бірізділікке жүйеленді. 1993 жылы 13 қаңтарда «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекара туралы» және «Қазақстан Республикасының Шекара әскерлері туралы» заңдар қабылданды.
Міне, сол тарихи сәтке биыл 30 жыл толып отыр. «Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағы қазіргі шекарасында тұтас, оған қол сұғылмайды және бөлінбейді» деп басталатын Ата Заң аясында ҰҚК Шекара қызметі өздерінің міндеттері мен құқықтарын жүзеге асырып келеді. Ең бастысы – Мемлекеттік шекараның қастерлі екенін ұғынып, аумақтық тұтастықты аса сақтықпен қорғап келеді.
Арғы-бергі тарихымызда тұңғыш рет мемлекеттік шекарамызды толық белгілеп алдық. Қазақстан өзі шектесетін Ресей, Қытай, Өзбекстан, Түркіменстан және Қырғызстан мемлекеттерімен шекара мәселесін біржолата шешіп, халықаралық құжаттармен бекітті. Бұл – құрлықтағы шекарасының өзі 14 мың шақырымға жуық еліміздің сыртқы саясаттағы үлкен табысы. Біз барлық көршілерімізбен орныққан өзара ынтымақтастық пен адал әріптестікті тұрақты түрде дамытып келеміз. Себебі Отанды қорғау, шекараны күзету басты борышымыз
Расул БАТЫРБЕКОВ,
шекарашы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!