Көзге көрнекті көрінетін кейбір өнімдер өндірісте революция арқылы пайда болды. Мәселен, шыны – құм мен әктастың қосындысы. Ежелгі дәуірде жоғары температурада балқытып, суыту арқылы жасаған. Содан бері әйнек адамзат өмірінде айрықша орын алды. Күнделікті тұрмыста тұтынып, мәдениет пен өнеркәсіп саласында да салмағын сездірді. Аймағымызда шыны зауытының іске қосылғаны белгілі. Қазір жұмыс қарқынды. Тек шыны өндірудің оңай емес екенін айтқымыз келеді. Қайнаған ыстық пен жалынның ортасында жүруге төзімділік керек.
600 тонналық пеш һәм 1550 градус
Шындығында, шыны шығару процесі тым күрделі. Материал мінсіз қалыпқа түскенше даярлаудың бірнеше сатысы жүргізіледі. Тіпті тиісті температураға қоюды да қадағалау шарт. Әйтпесе, шынының шым-шытырығы шақшадай басты шарадай етеді.
– Өндірістегі технология ерекше. Маған таңсық болғаны, 24/7 табиғи газ, электр қуаты және сумен қамтамасыз етілуі болды. 600 тонналық алып пешті іске қосқаннан кейін кемінде 10 жылға дейін үздіксіз жұмыс істеуінің өзі таңданыс тудырады. Кварц құмы, доломит, әктас, шпат, сода, натрий сульфаты қосындысын пеште 1550 градуста қыздырып, шыны массаға айналдырамыз. Содан кейін флоат-ванна бөлімінде борт пішіндеу машина арқылы қажетті қалыңдықты келтіріп, шыны массаның температурасын бәсеңдету қажет. Ал күйдіру кезеңінде температураны 50-60 градусқа дейін салқындатуда кемшілік жібермеу керек. Сондықтан мұның бәрін қатаң қадағалаймыз. ISRA Vision қондырғысымен белгіленген стандарт бойынша шынының маркасы, құрамындағы дефекті, оның қалыңдығы және техникалық параметрі анықталып, автоматты түрде қапталады. Осылайша күніне 500 тонна шыны шығарамыз, – деді өндіріс бөлімі басшысының орынбасары Ғалымжан Қуатов.
Иә, шамадан тыс шихта шаруаға кері әсер етеді. Сондықтан шикізат материалының мөлшерін рецепт бойынша дәлме-дәл есептеу маңызды. Оны пешке жылдам жеткізіп, істі жүйелеген жөн. Ол балқыту кезіндегі кедергінің алдын алып, шыны бетіндегі кемістікті жояды. Байқасаңыз, пеште температура жоғары, жалын қызу болады. Демек оның ыстығы сыртты да шарпиды деген сөз. Мұндайда мазасызданбай жұмыс істейтін қызметкерлерге қол соғуға болады.
– Осы уақытқа дейін мұнай-газ саласында жұмыс істедім. Шыны зауытында алғаш тәжірибе алмасуым. Мен үшін қызықты әрі күрделі жоба. Әр күні түрлі тапсырма орындап, жан-жақты іздену ынталы қызмет атқаруыма түрткі болды. Иә, зауытты іске қосуда қиындық болғаны рас. Бірақ Қазақ-Қытай арасындағы келісім, көрсетілген қолдау мен әр жұмысшының маңдай тер еңбегі арқылы мақсатқа жеттік. Бүгінде жұмыс жүйелі. Қауіпсіздік жоғары деңгейде қарастырылған. Техникалық қауіпсіздік қағидалары жиі түсіндіріледі. Сондай-ақ қондырғылар қуатты. Басым көпшілігі Англия, Түркия, Италия, Жапония, Қытай, Германиядан әкелінген. Шыны өндіру процесіне сай бәрі сапалы жабдықталған, – деді ол.
Энергия үнемдейтін шыны шығарылмақ
Әйнектің түр-түрі бар. Олар сыртқы түрімен және физикалық қасиетімен ерекше. Сапа жағынан да сан алуан әйнек кездестіруге болады. Рас, шыны шытынайды, әйнек сынады деген көзқарас қалыптасқан. Оған дәлел де жоқ емес. Өйткені айнаның өзі қолдан сусып түскенде қақ бөлінеді. Бірақ әлемдегі тәжірибе шойыннан берік шыны шығаруға болатынын көрсетті. Бұл Жапонияда жүзеге асқан көрінеді. Өңіріміздегі өндіріс орнында да жаңалық бар.
– Шыны қалыңдығына байланысты бөлінеді. Зауытта 3,5 және 12 миллиметр аралығында шыны өндіріледі. Өткен жылы қараша айында қоңыр және күміс түсті таңдап, осы бағытта жұмыс істеп отырмыз. Ал алдағы сәуір айында энергия үнемдейтін шыны шығару ойда бар. Әрине, оның құны жоғары болмақ, десе де өзін ақтайтынына сенім мол, – деді Ғ.Жұма-ділдәұлы.
Өндірістің өрісі кеңейгені құба-құп. Жұмыс осы қарқында жалғасса, нарықта нанымды нәтижеге жетеріміз анық.
Қытай азаматтарына қазақ тілі оқытылады
Зауытта Қытай азаматтары да жұмыс істейді. Қазіргі таңда жұмысшы саны – 372. Оның ішінде 102 қытайлық бар. Бәрі шыны өндіруде шет қалып жатқан жоқ. Тиісінше, бұл коммуникация орнатуға да кедергі емес. Жұмысшылар арасында жоғары деңгейде қарым-қатынас орнатылған. Әр цехта бір аудармашыдан бар екен. Сонымен қатар қытай азаматтарына қазақ тілін үйрету қолға алынған. Зауыттың ерекшелігі де осы. Сабақ жұмыстан тыс уақытта жүргізіледі. Яғни, сенбі күні 3 сағат кейде 1 сағат көлемінде аудармашылар арнайы сабақ өтеді. Сайып келгенде, бұл тілдік мәселенің тығырыққа тіремейтінін аңғартты. Егер екіжақты байланыс бекіп, жұмысшылар бір-бірін түсінсе, өндірісті өрге сүйрейтіні ақиқат.
Замира ҚОНЫСЖАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!