Тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз ету заманауи технологияларды пайдалануды қажет етеді. Осы бағытта Сыр өңірінде де жемісті жұмыс қолға алынған. Соның бірі – облыс орталығына «SOS» дабыл батырмасының орнатылуы.

Қызылорда қалалық Полиция басқармасының дерегінше, қалада 15 «SOS» дабыл батырмасының құрылғысы орнатылған. Басым бөлігі адам көп шоғырланатын сауда орындары мен мәдени нысандар маңына қойылыпты. Атап айтқанда, Орталық алаң, «Студенттер сарайы», «Универсам» сауда үйі, Мұратбаев пен Бұқарбай батыр көшелері қиылысындағы ескерткіш тұсы, Қорқыт Ата мен Өсербаев көшелерінің қиылысы, Сол жағалаудағы «Жастар орталығы», «Теміржол вокзалы», «Aray City Mall» ойын-сауық сауда орталығы маңында орналасқан. Сонымен қатар «Сырдария» сауда үйі, «Тағзым алаңы», «Жаңа базар», «Океан» және «Рүстем» сауда орталықтары, Қорқыт ата көшесі №55 үйдің жанында да аталған құрылғыны пайдалануға мүмкіндік бар.
Шаһар қауіпсіздігінің жаңа деңгейге көтерілгеніне тұрғындар да дән риза. Көбі жедел көмек алуға қол жеткізетін құрылғының әлі де көбейгенін қалайды. «Азаматтардың қауіпсіздігін сақтау жедел әрекет етуге байланысты. Қаладағы «SOS» дабыл батырмасының негізі міндеті де дер көзінде көмек алуға арналған. Шетелде саяхаттау барысында мұндай батырмалардың балама нұсқасын көп кезіктіретінмін. Пайдалану оңай әрі түсінікті. Туристер үшін де таныс құрылғы болғандықтан, тиімділігі жоғары деп бағалаймын. Әлемдік тәжірибені Сыр өңірі де пайдаға асырғанына қуаныштымын», – дейді қала тұрғыны Мақсұт Аманбеков.
Айта кетейік, «SOS» түймесін басу арқылы тәулік бойы Жедел басқару орталығына бейне-қоңыраулар келіп түседі. Құрылғылардың орналасуы бейнебақылаумен жабдықталған, қиын жағдайда бұл кезекші бөлімнің қызметкеріне жағдайды өз бетінше бағалауға мүмкіндік береді. Құрылғы жерден бір метр биіктікте орналасқан. Оларды, тіпті, балалар да қолдана алады.
Сала мамандары әлеуметтік желі мен БАҚ бетінде аталған батырманы пайдалану реттілігі мен жағдайды тарқатқан. Айтуынша, қауіп төнген жағдайда, күдікті адам байқалса, тіпті, мас күйде көлік айдаған азамат көрсеңіз де батырманы басып, ақпарат беруге болады.
Бұған қоса, қала аумағындағы құқықбұзушы­лықтар мен қылмыстардың алдын алу мақсатында азаматтарға арналған «102» арнасы мен «102» мобильді қосымшасы жұмыс істеуде.

Б.МАҚСҰТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!