Сөзсіз, студенттер арасындағы кең таралған қызмет – даяшы болу. Бұл ма­ман­дық қиын болғанымен, жұмыс уақыты қолайлы әрі айлығы да аз емес. Алматы қаласының даяшылары бір айда орта есеппен 70 мыңнан 300 мыңға дейін айлық алады. Әрине, сіздің табы­сыңыз істейтін жердің беделіне, атағына байланысты. Мысалы, орта деңгейлі кофеханалардың даяшылары айына 100 мың, ал жоғары деңгейлі – айына 150-200 мың теңге табыс табады.
Промоутер, яғни жарнама маманы да алдыңғы қатарда. Промоутер жұмысын бір өзіңіз немесе топ болып істеуіңізге болады. Бұл кәсіптің жұмыс кестесі өте ыңғайлы. Жұмыс беруші сізге нақты уақыт­ты белгілемеуі де мүмкін. Сіздің басты міндетіңіз нақты бір берілген тауарды жар­намалау. Жарнама түрі сан алуан. Сіз көшеде жарнама парақшаларын та­ра­тасыз немесе ғимарат сыртына сол тауардың атауын жазып кетесіз. Бірақ промоутердің айлық табысы даяшыға қа­рағанда біршама төмен.
Жұмыс іздеу сайттарында жиі кезде­сетін мамандық – сатушы-кеңесші. Бізде сауда орталықтары мен сауда орындары жетерлік. Сондықтан сатушылар сұраныс­қа ие. Күннің екінші жартысында бос бо­латын студенттерге бұл өте қолайлы жұмыс. Өйткені түс уақытынан түнге дейінгі график бар. Сатушы болып жұмыс жасау үшін, кез келген адаммен тіл табыса алу керек. Түйіндемеңізді жазып, дүкендерге таратып шықсаңыз, сізді тағылымдамаға шақырады. Бұл мамандықта бонустық есеп көп таралған. Қанша сатсаңыз, сонша аласыз.
Соңғы уақытта студенттің табыс көзіне айналған бағыт – курьер (атшабар). Бұл аса білімді қажет етпейтін жұмыс. Бір жерден екінші жерге белгілі бір затты, құжатты немесе тауарды жеткізу. Ең бас­тысы сол қалпында сақтап, затты бүлдіріп алмасаңыз болғаны. Егер сіздің же­ке көлігіңіз немесе бас­қа жүріп-тұру құралыңыз болса, айлық табысыңыз да жоғары болады. Мысалы, көлігі бар курьерлер 100 мыңнан 230 мыңға дейін айлық алса, жаяу курьер 30 мыңнан 100 мыңға дейін табыс табады.
Жас­тардың ең көп пайдаланатын құралы – телефон. Смарт­фонды тек көңіл көтеру үшін емес, табыс табу мақ­сатында да қолдануға болады. Бұл орайда Call-center-де оператор болу таптырмас жұмыс. Аталған қыз­метте қоңырау шалып тұрған адамға барынша көмек беру – басты міндет. Сіз түрлі саланың маманы болуы­ңыз мүмкін. Мысалы, ұялы байланыс операторы немесе телефон арқылы психологиялық көмек көрсету. Опера­тор болып сабақтан бөлек түнгі уақыт­та да жұмыс жасауға болады.
Соңғы нұсқаның бірі аниматор болу. Егер балаларды жақсы көрсеңіз, олармен оңай тіл табыса алсаңыз, бұл жұмыс сізге арналған. Аниматор болып жұмыс жасайтын студенттер баршылық. Өйткені аса қиын емес, әрі уақыты да ыңғайлы. Тек балаларға арналған ойын алаңдарында ғана емес, олар үшін ұйымдастырылған мерекеде де жұмыс жасай аласыз. Балаға көңілді мереке жасайтын ата-аналар көп. Сол себепті аниматор­лардың жұмысы сұранысқа ие болып тұр. Бүлдіршіндерді ойнатып, көңіл­де­рін ауласаңыз болғаны.
Әрине, іздеген адамға жұмыс табы­латыны белгілі. Еңбек жолын ерте бастау университет бітірген соң да кө­мегін тигізіп, ұжыммен байланыс және тапсырма орындау дағдысында таптырмас жолбасшы болмақ. Алайда әр қадамды мұқият басып, алаяқтарға алданып қалмауға тырысу қажет.

Дайындаған Берен ШАҒЫРОВ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!