Шалыс басып жол табу да, жасқанып жүріп жалындау да студенттік шақтан бастау алады. Оқу қабырғасы ерекше естелікке толы. Оқуда да озат, өмірде де белсенділікті қатар алып жүрген Сырдың студенттерінен алған сауалнамамыздың қорытындысы көңілге жылулық сыйлады.

– Студенттік кеңес төрағасы болғаныма бар болғаны 2 аптаның жүзі болды. Мойныма артылған жауапкершілікті қазірден абыроймен арқалауға асықпын. Әр студенттің бойындағы қабілетін ашып, көшбасшылыққа бейімдеу, олардың қоғамға белсене атса­лысуына жағдай жасау міндетім деп білемін. Кез келген студентті уни­вер­ситет ішінде шығар­машы­лыққа баулу керемет сезім,– дейді Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 2 курс студенті Салтанат Бижігітқызы.
«Бұлақ көрсең, көзін аш» деп бекер айтылмаса керек, белсенді өмір талай студенттің дарынын паш етуге ықпал етті. Осы сөзге дәлел бола білген Дидар Болатбектің берген жауабы да әрбір студенттің жалындауына мүмкіндік мол екенін айшықтайды.
– Алғаш жоғары оқу орнының табалдырығын аттағанда жүзі таныс емес жандарды жатырқайтын қарапайым ауылдың баласы едім. Бір­сарын­ды, біріне бірі ұқсамайтын күндерді бастан кешіп, жалғызсырап жабырқайтынмын. Мобилографиямен айналысып, кейін осы қабілетім арқылы таныла бастадым. Мобилографиямен айналысатын бірнеше дос тауып, қазіргі таңда кәсіби түрде осы саланы бірге мең­геріп жүрміз. Белсенді сту­денттер қа­та­рына лезде қосылып, жай ғана хоббиімнің маған мол мүмкіндік бергеніне таңым бар. Бүгін алдыңғы қатардағы университет шашбауын көтеріп жүрген студенттің бірімін. Студент бола тұра сабаққа да, табыс табуға да, студенттік шақтың қызығын көріп те үлгіруге болады. Тек сағың сынбай, қиындыққа мойымау қажет, – деп жалғайды пікірлер легін белсенді студент Дидар Болатбек.
Жастар арасында кеңінен танымал жайдарман ойындары көп студенттің бағын ашқаны анық. Тек қана оқу орнында ғана емес, облыстық деңгейде бой көрсетіп жүрген белсенді студенттерден құралған «Матриархат» командасы көптің көзайымы болып, қазіргі таңда бетке ұстар жайдарманшылар құрамына айналды. Сахнаны әзілмен әрлеп, күлкімен көмкеріп жүрген жайдарманшылар студенттік шақтың тәтті сәттерінің қимастыққа толы екенін жасырмайды.
– «Тойдың болғанынан боладысы қызық» демекші, әр іс-шараға дайындалған сәттер мен үшін өте қымбат. Себебі осы уақыт аралығында досым бауырыма, ортам отбасыма айналады. Әрине, асыра сілтеді дейтін шығарсыздар, бірақ белсенді студенттік өмірсіз әр сәт қызықсыз, қараңғы іспеттес. Мені осы тұңғиықтан жарық әлемге оралтатын, жеңісте де, жеңілісте де бірге болатын – топтастарым, кішігірім отбасым, – дейді «Матриархат» командасының ойыншысы, 3 курс студенті Ақмарал Сартова.
Студенттік шақ та шарықтау шегіне жетеді. Бұл өмір мектебінің де соңғы тарауына келіп, ересек өмірге қадам баспақ Мәншүк Мәметова атындағы жоғары педагогикалық колледжінің 4 курс студенті Бекзатхан Махамбеттің қимастыққа толы пікірін де тыңдадық.
– Студенттік өмір – балалықтан даналыққа қадам басатын кезең. Алғашында оқу орнына келіп, өмірге бозбала ретінде қараған едім. Оқу орнын тәмамдайтын кезімде ақыл қосқан, әр дүниені саналы тұрғыда саралай алатын қоғамның азаматы ретінде көзқарасымды қалыптастырдым. Арада өткен 4 жылда тек ілім емес, жаңа қарым-қабілеттерім мен талантымды шыңдай түстім десем қателескенім емес. Студенттік өмір – жалынды жылдарымдағы қайта келмес бақытты шағымның қорытындысы. Барша студентті келе жатқан Халықаралық студенттер күнімен құттықтаймын!, – деп көңілге түйгенімен бөлісті колледж түлегі.

Нұршат НЫШАНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!