Елордада өткен баспа, радио, интернет журналистика саласындағы «Үздік өңірлік БАҚ» номинациясы Қызылорда облыстық «Сыр бойы» басылымына табысталды. Сөйтіп алда келе жатқан 2024 жылы жарық көргеніне 95 жыл толатын аймақтың ата басылымының мерейі үстем болды.
Айта кетейік, үздіктер он екі номинация бойынша анықталды. Биыл медиа саласын дамытуға үлес қосып жүрген медиа мамандары үшін жаңа номинация қосылды. Олар – «Үздік халықаралық БАҚ», «Үздік подкаст», «Үздік YouTube каналы». Байқауға баспа, радио, интернет журналистика саласында қызмет етіп жүрген журналистерден барлығы 450 өтінім, солардың ішінде ең көбі «Әлеуметтік тақырыптағы үздік материал», «Жылдың үздік сұхбаты», «Үздік өңірлік БАҚ» «Жылдың үздік аналитикалық материалы» және «Жылдың үздік репортажы» номинациялары бойынша келіп түскен екен. Үздік жұмыстарды құрамында беделді журналистер, медиа менеджерлер бар қазылар алқасы анықтаған.
Сонымен кәсіби мамандар үшін шабыт пен мүмкіндіктің қайнар көзіндей болған ұлттық сыйлықтың биылғы иегерлерінің қатарында «Жылдың үздік сұхбаты» Ләйла Тастанова («Time kz»), «Жылдың үздік репортажы» Рабиға Дүйсенқұлова («Tengrinews.kz»), «Әлеуметтік тақырыптағы үздік материал» Амангүл Тілейқызы («El.kz»), «Жылдың үздік журналистік зерттеуі» (С.Бердіқұлов атындағы арнайы номинация) Анна Величко («Golos-naroda.kz»), «Жылдың үздік аналитикалық материалы» Меруерт Сәрсенова («Kapital.kz»), «Үздік халықаралық БАҚ» «Қазақ елі» журналы (Түркия), «Жылдың үздік жаңалықтар порталы» Nege.kz, «Радиостанциядағы үздік жоба» Orda FM, «Zhas STAR» бағдарламасы, «Үздік подкаст» «OY DETOX» Әйнел Әмірхан, «Үздік YouTube каналы» Абай Сейфоллаұлы («Abay Live»), «Қазақ газетінің 110 жылдығына» арнайы тағайындалған жүлде «Ана тілі» газетінің ұжымына берілді.
Осындай үздіктер қатарында «Үздік өңірлік БАҚ» аталымы бойынша «Сыр бойы» басылымының кәсіби ортада жоғары бағалануы ақпараттық технологиялар қарқынды дамып, интернет журналистика алға шыққан кезде байсалды да байыпты ұстаныммен ақпаратты сұрыптап, сараптап ұсынып отырған редакция ұжымының еңбегінің жемісі деп санаймыз.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!