Елордада өткен республикалық Жайдарманның жоғарғы лигасында қызылордалық «Қазалы» командасы ІІ орын иеленді. Жалынды жастардың жүрегін жаулаған Жайдарманда вице-чемпион атанған команда Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында БАҚ өкілдеріне сұқбат берді.
– Жайдарманның атауы JCI ( Jaidarman Creative Industry) деп өзгерді. Биыл Жайдарман фестивалінде 60 команда өнер көрсетіп, 26 топ іріктелді. Кезең-кезеңімен өткен ойындарда үздіктер қатарынан көрініп, 2-ші орын алдық. Жайдарман тарихына үңілсек, Қызылордадан аға буын өкілдері Жайдарманның чемпионы, ал бірі үшінші орынды иеленген болатын. Ал, биыл алғаш рет Сыр елінің командасы вице-чемпион атанды. Әрбір жеңіс жолында қаншама тер, қаншама еңбек жатыр. Бұл- біздің жеңіс қана емес, Сыр елінің де жеңісі. Негізі «Қазалы» командасының мүшелері бұрыннан Жайдарманда өнер көрсетіп жүрген жігіттер, биыл арнайы жоба ашып, команда құрдық. Мен биылғы ойында Жайдарманмен қоштастым. Өзім кеткенмен, команда қайта жасақталып, ойынды жалғастыратын болады,-деді «Қазалы» командасының капитаны Әліби Басаров. Сондай-ақ «Қазалы» командасының капитаны Әліби Басаров 2022 жылдың «Үздік ойыншысы» атанды. Айта кететін жайт, 27 қараша күні Қызылордада республикалық Жайдарман ойыны өтеді. Оған үздік Жайдарман топтары қатысып, жекпе-жек форматына ұйымдастырылатын болады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!