Облыстыққоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен «Сыр қоғамы – руханият бесігі» тақырыбында жылжабар шара өтті. Шараның мақсаты – аймақтағы қоғамдық-саяси тұрақтылықты  қалыптастыру және атқарылған ауқымды істерді тарқату.

«Достық үйінде» өткен салтанатты жиынға облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов, облыстық қоғамдық даму басқармасына қарасты барлық орталықтар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, қоғам белсенділері мен БАҚ өкілдері қатысты. Басқосуда азаматтық қоғам институттарының жыл көлемінде атқарған жұмыстары, мемлекеттік тіл саясаты және тіл жанашырларының қатысуымен жүргізіліп жатқан іс-шаралар, өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының даму барысы, мемлекеттік этно саясаттың жүзеге асырылуы, дін саласы бойынша ақпараттық түсіндіру жұмыстарының нәтижесі мен өңір жастарының әлеуетін арттыруға бағытталған тың жобалар сараланды.
Облыс әкімінің орынбасары алғы сөзін жылдың ел тарихында маңызды оқиғалармен есте қалатынынан бастады. Азаматтық қоғам институттарының, БАҚ өкілдерінің өтпелі тұста ел бірлігін нығайтуға ерекше атсалысқанына тоқталып, алдағы уақытта да олардың әлеуетін нығайту бағытындағы жұмыстар жүйелі жалғасатынын жеткізді.
– Өткеннің сабағы жаңа қоғамның табалдырығын аттап, баршамыздың ортақ үйіміз – Жаңа Қазақстанды құруға түрткі болды. Бастысы, ел басына түскен осындай сынақты қайыспай біртұтас ел болып еңсере білдік. Сол сындарлы сәтте Мемлекет басшысы халыққа арнап бірнеше үндеу жасап, жағдайды жан-жақты түсіндірді. Бұл ретте азаматтық қоғам өкілдері, журналистер халықты елдік мүддеге шақырып, тәуелсіздіктің қадір-қасиетін, татулық пен тұрақтылықтың, тыныштық пен бейбітшіліктің қаншалықты маңызды екенін бұрынғыдан да белсенді насихаттады. Қоғамда тараған түрлі қауесеттің, жалған түсініктің қалыптасуына жол бермеді. Жалпы әлеуметтік саладағы, экономикадағы өзгерістердің тамырын дөп басып, қоғамдық-саяси ахуалға кері әсер ететін факторларды дер кезінде анықтап, талдау нәтижесін сауатты сараптағанда ғана жағдайға нақты баға беруге болады. Бүгінде әлеуметтік-саяси шиеленістің алғышарттарын анықтау үшін тұрақты мониторинг жүргізілуде. Өзекті мәселелер тоқсан сайын «Әлеуметтік шиеленіс ошақтары картасына» енгізіледі. Әлеуметтанушылар өңірде қолға алынған жаңа бастамаларға, өзекті түйткілдерге, қордаланған мәселелерге зерттеулерді ұдайы жүргізеді. Нәтижесінде облыс әкіміне қоғамдық даму басқармасы тарапынан 12 ұсыныс беріліп, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру үшін құзырлы мекемелер бірқатар тиісті шара қабылдады. Жүйелі жұмыс жалғасын табады, – деді Н.Сақтағанов.
Осылайша Н.Сақтағанов «Жаңа Қазақстанның» жасампаз қадамдары игілікті іске бастайтынын айта келе болашақты айқындайтын жауапты сәтте Сыр бойы жұртшылығының ерекше белсенділік танытқанын тілге тиек етті. Ендігі жерде қоғамды жаңарту – білімді, белсенді, талапшыл жандардың, әсіресе болашақ кілті – жастардың патриоттығына, іскерлігіне байланысты екенін нықтады. Сонымен қатар аймақтың қоғамдық-саяси ахуалының тұрақтылығын нығайтуда бірден бір ұйытқы – облыстық қоғамдық даму басқармасының биыл 20 жылдық белесті бағындырып, жаңа биікке қадам басқанын ерекше атап өтті.
Шара қорытындысында қоғамда белсенділік танытып, өңірдің әлеуметтік мәселелерін шешуге мұрындық болып жүрген бірқатар сырбойылық азамат «Құрмет» грамотасы, облыс әкімінің Алғыс хаты және 2022 жылдың үздік номинациясы бойынша марапатталды. Салтанатты шара мерекелік бағдарламамен жалғасты.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!