Жастарға құлақ асып, жан жақты қолдау көрсету – мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі. Қоғамның қозғаушы күші ретінде жастарға артылатын жауапкершілік жүгі қаншалықты ауыр болса, көрсетілер қолдау да соншалықты маңызға ие. Осыған орай өңірде жыл сайын жастар саясатының жүзеге асырылу барысын саралау, негізгі мәселелерді шешу тетіктерін қарастыру мақсатында облыс әкімдігі жанындағы жастар ісі жөніндегі Кеңестің отырысы өткізіледі.
Жақында облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов және басқарма басшыларының, қоғам белсенділері мен БАҚ өкілдерінің қатысуымен биылғы жылдың алғашқы отырысы өтті. Кеңес отырысында аймақта жастарға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы, NEET санатындағы жастарды жұмыспен қамту, кәсіпкерлікке баулу бағытында атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар сөз етілді. Айта кетейік, қазіргі таңда облыста 249 мың жас бар. Аймақта 10 жастар орталығы жұмыс істеуде.
«Жыл басынан бері жастармен 796 түрлі форматтағы іс-шара ұйымдастырылды. «Сыр жастары» бағдарламасы бойынша осы жылы 100 жас отбасы баспаналы болады деп жоспарлануда. Сондай-ақ NEET санатты жастардың санын төмендетуге біршама басымдық берілді. Соңғы бес жылда олардың саны 2,8 пайызға азайған. Жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру – басты бағыттардың бірі. Қазіргі күнде «Жас сарбаз» сабағы облыста белсенді жүргізілуде. Алдағы уақытта жастар арасында байланысты күшейту үшін жұмыс атқарылады», – деді облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Алмасбек Есмаханов.
Дәстүр бойынша аталған жастар кеңесінде жыл сайын сан түрлі салада жетістікке жетіп, мемлекеттік жастар саясатының дамуына өзіндік үлес қосып жүрген бірқатар жасқа «Сыр үміті» облыстық жастар сыйлығы табысталды. Айта кету керек, жастар сыйлығына аймағымыздың 14-29 жас аралығындағы жастары өзін ұсына алады. Cонымен қатар жастардың ғылыми, шығармашылық, қоғамдық қызметіне мемлекеттік тұрғыдан қолдау көрсету, олардың шығармашылық ізденістеріне, қоғамдық бастамаларына және тұлғалық қалыптасуына кеңінен мүмкіндіктер ашу үшін арнайы бекітілген номинациялар бойынша беріледі.
Өткен жылы 86 жас қатысуға өтінім берген сыйлыққа комиссия шешімімен 15 жас лайық деп танылып, жиын барысында арнайы марапат ұсынылды. Олардың қатарында Бибінұр Өткелбай, Сәуле Қалыбай, Әнуар Тоқтамысов, Жарасхан Төлебай, Ержан Ыдырысов, Әкімжан Төлебай, Мақсат Исағабылов, Есет Табынбаев, София Темірболат, Алтынай Жармахан, Нұрлытаң Саймағамбетов, Ханзада Дошан, Ақжол Түменбай, Бейбітжан Қобланов, Ерасыл Шәрібек есімді дарынды жастар бар. Әріптестеріміз, облыстық «Ақмешіт жастары» газетінің бұрынғы тілшісі Ерасыл Шәрібек пен аудандық қоғамдық-саяси «Қазалы» газетінің редакторы Есет Табынбаевтың көп ішінен топ жарып, қаламы мен халқына адал еңбегі еленіп жатқанымен құттықтаймыз.
Бейбітжан Қобланов, ұлттық жекпе-жектен Әлем чемпионы, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері:
– Мен үшін «Сыр үміті» сыйлығы республикалық сыйлық пен атақтардан да жоғары, ерекше ыстық. Сырда туып, өскендіктен өңірдің жастар саясатына, спорт саласына қосқан аз-кем үлесімізді елеп жатқанының өзі көңілге қуаныш, алға жылжуға, өзімізді де, өңірді де дамытуға үлкен мотивация.
Спорт саласы бойынша атқарылар істер, алға қойған жоспар көп. Өңір жастарын қоғамның дамуына бірге үлес қосып, өз болашағымызға бейжай қарамай, белсенді болуға шақырамын. Себебі ел ертеңі – біздің, ұрпағымыздың, ұлтымыздың болашағы.
Ерасыл Шәрібек, журналист, «Қайсар» футбол клубының баспасөз хатшысы:
– Төртінші биліктің тізгінін ұстап, өңірдегі жастар саясатына тамшыдай болса да үлес қосу – үлкен мәртебе. Ақпарат жарықтың жылдамдығымен теңескен кезеңде журналист ретінде жалған ақпаратқа жол бермей, жылдам, сапалы, сауатты дүние ұсыну уақыт талабына айналды. Уақыт пен қоғамның талабына сай болып, «Сыр үміті» сыйлығын иемденіп жатқаныма ерекше қуаныштымын.
Сырбойылық жастарды назардан тыс қалдырмай, үнемі қолдау білдіретін, мәселесіне маңыз беретін басшылыққа да алғысымды білдіремін. Жастар – қоғамның барометрі. Сондықтан үнемі құлақ асып, оларды қолдау керек.
Әкімжан Төлебай, «Жас Сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы РҚБ-нің ҚОФ-ы төрағасы:
– Өзім қызмет ететін сала бойынша «Сыр үмітіне» лайық саналғанымды мақтаныш етемін. Себебі қоғамда дұрыс көзқарас, жастарда әскери сананы қалыптастыруда жасалып жатқан әрбір істің, қауіпсіздік пен қорғаныс саласының маңызды екенін мойындау керек. Ата-бабамыздың сан ғасырлардан бүгінге дейін жеріміздің әр шақырымын аман жеткізіп, аманаттауы, ел тыныштығы тікелей әскери саясатпен, қауіпсіздікпен тікелей байланысты.
Алдағы уақытта да әскери-патриоттық қозғалыс өңір жастарымен, жасөспірімдерімен байланыста болып, жаңа жобаларды іске асыратын болады. Қозғалыстың төрағасы ретінде, әскери бағыт бойынша сыйлықтың иегері атану – жеке менің ғана емес, осы саладағы жастардың ортақ жетістігі сынды.
Аделина МӘДЕЛХАНҚЫЗЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!