Бүгінде баспана мәселесі көптің басын қатырып-ақ жүр. Меншікті үй болса, пәтер жағалаудың да жөні болмас. Жақында ғана айтылған жағымды жаңалық төбені көкке жеткізді. Енді үйге үміті барлар бөгелмей, құжат тапсырудан қапы қалмаса болғаны. «Сыр жастары» жеңілдетілген ипотекалық несие беру бағдарламасына 35 жасқа дейінгі азаматтар қатысады. Несиелеу мерзімі – 19 жыл, пайыздық мөлшерлемесі 5 пайыз. Бастапқы жарна 10 пайызды құрайды. Бағдарламаға өтініш беру 15 күн ішінде жүзеге асырылмақ. Сондықтан 26 қазанға дейін уақыт ұттырмай, құжат өткізуге үлгерген дұрыс.
– Облыстың 85 жылдық мерейтойы аясында аймақ басшысының тікелей қолдауымен көптен бері баспаналы болуды мақсат еткен және баспана кезегіне тұра алмаған жастар үшін «Сыр жастары» жеңілдетілген ипотекалық бағдарламасы басталды. Басты талаптар – ҚР азаматтығының болуы, қатысушының жасы 35 жастан аспауы, соңғы 2 жылда Қызылорда облысында тұрақты тіркеуде болуы және кемінде бір жыл жұмыспен қамтылған болуы шарт. Бағдарлама аясында табысталатын үйлер қаланың сол жағалауында орналасқан, жалпы көлемі 66 шаршы метрден кем емес 3 бөлмелі пәтер болады деп күтілуде. Бұл бағдарлама Сыр жастарының үйлі болуы үшін үлкен мүмкіндік, – деді облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Артур Қамбаров.
Мезгіл сайын пәтерге көшіп, өзгенің қалтасын қалыңдатпай, қолдағы қаржыны баспана алуға жұмсау тиімді. Мұны біз меңземесек те, көптің қаперіндегі ой осы. Сонымен аталған бағдарламаға денсаулық сақтау, білім беру, бюджеттік сала, мәдениет, спорт, ЖОО және ҒЗИ, журналистер, әлеуметтік сала, ұлттық холдингтер мен компаниялардың жергілікті филиалдары, екінші деңгейлі банктер мен құрылыс, қоғамдық тамақтану және қызмет көрсету саласының қызметкерлері құжат тапсыра алады. Дегенмен, қатысушылардың ресми жұмыс өтілі кемінде 6 ай көлемінде болуы шарт.
– «Сыр жастары» бағдарламасына қатысу үшін бірнеше құжаттың тізімі бекітілді. Атап айтқанда, белгіленген нысан бойынша жастарға жеңілдікпен несие беруге арналған электронды өтініш, білімі туралы құжат пен жұмыс өтілі көрсетілген анықтаманың сканерленген түрі, ҚР Еңбек кодексінің 35-бабына сәйкес еңбек өтілін растайтын сканерленген құжаттар, облыстық мәдениет және спорт басқармасынан сканерленген анықтамалар қажет. Үміткерді іріктеу, кезекке сәйкес санаттар бойынша тізімге енгізу жинаған балл санымен айқындалады. Нәтижесінде ең көп балл жинаған қатысушыға уәкілетті органмен электронды түрде жолдама жіберіледі. Жолдаманы алған жастар әрі қарай «Отбасы банкінде» төлем қабілеттілігін растайды, содан кейін келісім шарт рәсімделіп, үй табысталатын болады, – деді «Отбасы банкі» АҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Әділжан Сәулебаев.

                                                               Нәзік АХМЕТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!