«Жастық адамға бір-ақ рет беріледі, мұның басқа жас кезеңдерінен ерекшелігі – барлық әдемілік атаулымен асқаралы мұратқа бір табан жақындығы» деген В.Белинский. Уақыттың құнды ресурс екенін ескерсек, әр сағатты сандалумен һәм сайран салумен жоғалтпаған жөн. Жастарды қолдаумен қуаттап, мүмкіндік алаңын көбейту де жемісін берері сөзсіз. Жақында «Қазақстанның жастар ақпараттық қызметі» қоғамдық қоры облыстық филиалының ашылу салтанаты өтті. Берекелі бастама Сыр жастарына серпіліс беретіні ақиқат.
– Бұл орталықтың жүйелі жұмыс істегеніне жиырма жылдан аса уақыт болды. Осы жылы да 16 жоба жүзеге асты. Алдағы уақытта өңірде осы тұрғыдан оң өзгеріс болатынына сенім мол. Жалғасқан жобаны жолда қалдырмай, сәтті сабақтаймыз. Мұның бәрі ақпараттық сауатты арттырып, құқығына немқұрайлы қарамауға ықпал етпек. Қоғам игілігіне құрылған қор жұмысын жандандыру қолымызда, – деді «Қазақстанның жастар ақпараттық қызметі» қоғамдық қоры облыстық филиалының басшысы Талғат Меңдібаев.
Келешектің кірпішін кемелдікпен қалауға негіз орталық қызметі мұнымен ғана шектелмейді. Болашаққа бағдар беріліп, керекті кеңестер де айтылады. Сайып келгенде бұл «жастарды жарылқайық» деген ой емес, жанашырлықтан туған ниет. Мәселен, «ZhasCamp» әлеуметтік жобаны қолдау болып табылады. Идеямен келген жасқа жол көрсетіп, аудитория тарту мен қаржы көзін табуды үйретеді. Қазір көбі «өзіне би, өзіне қожа» болғысы келетіні рас. Осы ретте қолынан іс келетінге көмек беріп, кәсібін ұршықша иіруге түрткі болмақ. Нақтырақ айтсақ, бұл жастар үшін жалаң ұран болған емес. Жоба аясында жетістікке жетіп, таудай талабы төрге шығарған талант көп.
Сонымен қатар жас сайлаушылар лигасы да ойды ашық айтуға сеп. Мұнда жастар сайлау барысын байқап, құқығын қорғауға үйренеді. Жоба саналы түрде шешім қабылдауға, биліктен адал және заңды дауыс беру рәсімдерін талап етуге бейімдемек. Өңірдің белсенді жастары да аудан әкімдерінің сайлауында бақылаушы болғаны мәлім.
Ақылы асқан, ойы орнықты жастарды бір ортаға ойыстырудың мәні зор. Пікірлес жандардың басы қосылса өсу де, өну де болмақ. Ал орталық белсенді болуға шақырып, сапалы біліммен қамтамасыз етіп, қарышты қадам жасауға тиімді тетік. Қазір де бірі білімнің, бірі өнердің, енді бірі тың жаңалық ашудың айналасында тынбай жүр. Демек, талпынғанды тайдырмай, демеп жіберу жастарға көрсетілген үлкен көмек. Санасында серпіліс, бойында жалын бар Сыр жастарының көш алдында жүргені қуантады.
Замира ҚОНЫСЖАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!