Қасиетті Қызылорда, сенің облыс атанып, отау болғаныңа, ел болып еңсе тіктегеніңе – 85 жыл. 85 жыл, 85 жас – кеудесіне бір ғасырдың мұрасын, санасына бір дәуірдің тұмасын қондырған данагөй қарттың жасы. Осы сеңгірден асқан 85 жылдың 27 жылына куәгер екенмін.

10 жылға кері шегінсем, Сыр елі қатты өзгерген. Бәрі өзгеше. Жастар саласында азды-көпті еңбек етіп келемін, дәлірек айтсам, жастардан өзге салада жұмыс істеп көрмеппін. Бұл саланың алғашқы талабы – аз ұйықтап, көп білу.

2012 жылы «Жас Отан» жастар қанатына ерікті ретінде қабылдандым. Айналамда өзім сияқты ақкөңіл, ақеден жігіттер. Шап десе ой таңдамай, қыр таңдамай шаба беретін кезіміз ғой. Қызылорданың құшағы да, қабағы да ашық.

 Жастар жай жүрмейді, тасыған қуаты миын дамылдатқан емес. Мен де солай болдым. Аға толқын жастармен жүздеседі, бәрінің қоятыны «жастар, заман өздеріңдікі. Не ойларың бар? Не ұсыныстарың бар?» деген сауал. Сол сауал қойылған әр күні бойымды ой кернейтін. Жастар үйлі болса, жұмыспен қамтылса, әр басқан қадамы бағаланып, өмірі өрлеуге толса, жиылатын орталығы болса дейтінмін.

Зер салып қарасам, сол армандарым орындалып жатыр. Биыл аймақ басшысының қолдауымен «Сыр жастары» жеңілдетілген нұсқада жастарды үймен қамтамасыз ету тетігі іске қосылды. Жақында 100-ге жуық жас, еңбекқор отбасы үйлі болады. Облыстық Жастар орталығының негізгі ғимараты әлі де қалыптасу үстінде. Одан бөлек, облыс аумағында 10 жастар орталығы бар, онда 200-ге жуық маман жұмыс істейді. Олардың жыл сайын жалақысы көбейіп келеді. Әкімшілік құрылымдар құрамы да жасарып келеді. Мемлекеттік қызметшілердің жастарға тиесілі пайыздық өлшемі едәуір өскен. Студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету, қылмыс деңгейін түсіру, жастарды алабөтен діни топтардан, өміріне қауіп төндіретін ағым-күштерден сақтау – қоғамның негізгі мақсатына айналған. Жастарға жанашыр саналатын көпшілік ҮЕҰ-ның жобаларына да қомақты қаржылық қолдау бар. Биыл «Отбасы орталығы»  ашылды. Оның отбасы институтын  қалыптастыруға сеп болатыны анық. Бұқаралық спортты дамыту мақсатында аудандарда спорт кешені көптеп салынуда. Осындай іргелі іс, оң өзгерістен соң ел деңгейіндегі жастар саясаты біздің өңірмен санасатын дәрежеге жеттік. Олай дейтінім, биыл тұңғыш рет жастар орталықтарының Республикалық үйлестіру кеңесі аймағымызда өтті. Соның нәтижесінде Жаңақорғандағы «Жаңарған Жаңақорған жастары» қозғалысының асарлату әдісімен басталуы республика көлеміне үлгі ретінде таратылмақ. Яғни өзге өңірдегі жастар біздің бастамалардың шарапатын көретін болады.

Келбеті келіскен Сыр елінің жастарымен етене еңбек етіп жатқанымыз үлкен мақтаныш. Мереке құтты болсын, туған жер!

Талғат ТІЛЕС,

облыстық жастар ресурстық орталығының директоры

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!