Сырдария ауданы әкімі Берік Сәрменбаев күйші, сазгер, қазақтың ұлттық аспаптық музыкасының классигі Құрманғазы Сағырбайұлының туғанына 200 жыл толуына орай Айдарлы ауылында өткен «Күй күмбірі» атты облыстық жас күйшілер байқауына қатысты.

Ғ.Жанұзақов атындағы ауылдық мәдениет үйі ұйымдастырған іс-шараны аудандық мәслихат депутаттары Алмас Есназар, Ақтөре Ибрагимұлы, ауыл ардагерлері мен тұрғындары тамашалады.

Күй – ұлы дала халқының қазынасы. Қай заманда да ел тарихында күй өнерінің өзіндік баға жетпес мәртебесі қалыптасқан. Ұлттық өнерімізді өзге халықтар да қасиет тұтып, киелі құндылық ретінде қадірлейді. Қазақ үшін ерекше бағасы зор күй өнерін дамытуда, өзіндік жолын қалыптастыруда данқты күйші Құрманғазы Сағырбайұлының есімі айрықша аталады. Дарынды сазгер қилы кезеңдерде, ел басына нәубет туған жылдары сан түрлі тақырыптағы күйлерді дүниеге әкелді. Биыл ел көлемінде, оның ішінде ауданда айтулы іс-шаралар өткізілуде.

Облыстық байқауға аудандардан 9 талапкер қатысты. Жас күйшілер Құрманғазы Сағырбайұлының шығармашылығынан және еркін тақырыпта бір-бір күйден орындады.

Байқау қорытындысында жеңімпаздар мен қатысушылар арнайы марапатталды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!