Бойыңды балқытып, жаныңды жадыратып жіберіп, жүректің қылын шертер бір ғаламат аспап көрерменнің көңілін марқайтып, жанына жылу сыйлап тұрғандай. Садақпен сүйкеп ғаламат әуен төгілтіп, әлем классиктері Бетховен мен Моцартты ортаға шақырғандай сезімде болдық. Бір-бірінің артынан тізіліп барып, сахна төріне қаз-қатар орналасқан ақ көйлекті балдырғандар осылайша «Оркестрдің патшайымы» атанған скрипкадан бір ғажап күй төкті. Бұл – өңірдегі алдыңғы қатарлы білім ошақтарының бірі «Orda School» жеке мектебінің шәкірттері болатын. Таяуда ғана ашылған скрипка үйірмесінің жетекшісі Алим Раджабов шәкірттерді шыңға жетелеп, олардың бойындағы талантты тап басып танып, «бұлақ көріп, көзін ашып» жүр. Үйірменің үздік жұмыстарын өңірдегі саз өнерінің алыптары тамашалап, өз бағасын берді.
Қазақ «Бала жас шыбық тәрізді, оны қалай исең, солай қарай өседі» деп керемет даналық сөзін қалдырған. Иә, бүгінгі бастауыш сынып оқушыларын өнерге бейімдеп, олардың дарынын дамытуға бағытталған үйірме жұмысы осы сөзіміздің айқын дәлелі болса керек-ті. Моцарттың «Аллегретто» мен «Маленькая ночная серенадасы», Комаровскийдің «Котик», Шуманның «Марш», Бетховеннің «Сурок», Паганинидің «Кантабиле», Брусиловский шығармаларының ішінен «Бозайғыр», Сен-Санстың «Лебедь», Чайковскийдің «Журавель» туындылары жас скрипкашылардың орындауында мектеп сахнасына сән келтіріп, бүгінгі балдырғандардың өнерді қаншалықты ұғынғандарын байқатты. Шарада сөз алған белгілі дирижер, педагог, виолончельші, Сыр елінің саз өнерінің тұғыры биік тұлғасы Кеулімжай Ботабаев білім ошағындағы үйірменің жұмысын жоғары бағалады.
– Скрипканы аз уақыттың ішінде үйрету оңай емес. Мектеп ішінен ашылған үйірме болғанымен, өте жоғары баға беруге болады. Скрипкада бір шығарма орындаудың өзі үлкен жұмыс. Мүлт кетуге болмайды. Бір шығарма көңілді, бір шығарма мұңлы, осының тетігін таба білу зор қабілетті, еңбекті қажет етеді. Бүгінгі кеш жоғары деңгейде өтті. Балалардың болашағы бар, талантты екені көрініп тұр. Үйірме жұмысына сәттілік тілеймін, – деді Кеулімжай Шалтақбайұлы.
Үйірменің ашылғанына көп уақыт болған жоқ. Бар-жоғы төрт ай табанды еңбектің арқасында жетістік желкенін керіп, еңбектің нәтижесі көрініп тұр. Ынталы жастар өздерінің ықыласымен ғаламат аспаптың ғажап сырына қаныққан. Бір қызығы, олар аспапты тек мектепте ғана қолға ұстайды. Соның өзінде «талапты балаларға нұр жауып» тұр.
– Скрипка аспабының кереметі сонда – ол ХVІ ғасырда қалай болды, қазір де солай. Басқа аспаптарда өзгеріс бар, бірінде тетіктері көбейген, енді бірінде формасы өзгерген. Бұл скрипканың бойындағы кереметтің барлығын біліп болмағанымыз. Міне, сол уақыттан бері аспаптың бойындағы ғажап үннің өміршеңдігі жыл өткен сайын сақтап келеді. Мына қызықты айтайын, скрипканы арнауы музыкалық бағытта мамандандырылған мектептердің өзінде 9 айда барып нәтиже шығады. Бір шәкіртке бір ұстаздан бекітіледі. Аптасына 4 сағат. Ал мұнда бір Алимнің жалғыз өзі 29 баланы тәрбиелеп, маңдай терінің арқасында 4 айда нәтиже шығарып отыр. Міне, бұл Қазақстанда болмаған көрсеткіш, – деді мәдениет саласының үздігі Анар Жаңбырбаева.
Әлбетте, үйренуші де, үйретуші де ынталы болғанда олардың еңбегі жетістікке жетер жолда тоғысады. Алим Раджабов бар ынта-ықыласымен балаларды өнер әлеміне жетелеп келеді. Қазақтың Жаяу Мұсасы ойнаған аспаптың бүгіні бұлыңғыр емес. Жарқын болашаққа бағыттап келеді. 29 баланың талантын тап басып танып, кемел келешекке бағыттай білген жас ұстаздың да өнер саласына келгенде түсінігі тереңде жатыр.
– Скрипканы үйретудің көптеген методикасы бар. Барлығын оқып шығып, ішінен балаларға тиімді өзімнің әдісімді құрастырдым. Сол бойынша аспапты үйретіп бастадым. Нәтижесі жаман емес, бүгін өздеріңіз куәсіздер. Бізде мектепте мұндай мүмкіндік болмады. Балалардың алдында барлық мүмкіндікті жасауымыз керек. Біздің шәкірттердің барлығының еңбекқорлығы мен ынтасы екі есе жоғары. Балалардың ұнамды ортасын қалыптастыруымыз керек. Сонда олар бір-бірімен жарыса жүріп үйренеді. Олардың бойында үлкен сенім бар. Менің өнерді үйретуіме олардың сенімі көмектеседі, – дейді Алим Раджабов.
Бүгінде білім ошағында скрипкадан бөлек, би, домбыра тәрізді өнер түрлеріне баулитын үйірмелер жұмыс істеп келеді. Білім ошағының басшысы Рауаш Әлиқызы барлық игі істің әрбірінде бастама көтеріп, балалардың сапалы білім нәрімен сусындауынан басқа уақытын тиімді өткізуге ат салысып келеді.
Білім ошағынан шығып барамыз. Бірақ әлгі скрипканың сызылған ғажап үні құлағымыздың түбінде әлі де ойнап тұрды. Кім білсін, осы балалардың арасында болашақ Моцарт, Бетховендер бар шығар?!
Дәулет ҚЫРДАН,
Суреттерді түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!