2019 жылы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев шығармашыл жастарды қолдау үшін «El Úmiti» бағдарламасын ұсынды. Бағдарлама бастамасының бірі – «Елбасы медалі» жобасы.
«Елбасы медалі» білім шыңдап, өзін-өзі дамытуға бағытталған 14 пен 29 жас аралығында ұйымдастырылатын ауқымды жоба. Бағдарлама уақыты мен талабы бойынша үш деңгейден тұрады: «Алтын деңгей», «Күміс деңгей» және «Қола деңгей». Жоба спорт және дене шынықтыру, дарындар мен дағдылар, кітап оқу, ұлттық мұра, волонтерлік, туристік сапарлар, еңбек тәжірибесі сынды 7 түрлі бағытты қамтиды.
Өткен 2020 жылдың жаз айында осы жоба туралы мұғалімдерім айтты. Артықшылығы мен мүмкіндігін байқап көру үшін тіркеуден өттім. Уақыт өте келе ұйымдастырушылар хабарласып, кураторымды тағайындап, жұмысты бастадық. Айтқанымдай, бағдарлама 7 бағыттан тұрады, алайда карантиндік жағдайға сәйкес 5 бағыт бойынша жұмыс жасадық. Бұл жоба бізге не бере алды? Жобаға қатысу арқылы әр жасөспірім ойлау қабілетін және өзінің шығармашылық қабілетін оята алады. Әр бағытты жеке-жеке қарастырсақ.
Мысалы, «Волонтерлік» бағыты мұқтаждарға, қоршаған ортаға, жануарларға қызмет ету арқылы көмектесуге, «Ұлттық мұра» ұлттық спорт түрлерімен айналысуға, ұлттық сәндік-қолданбалы өнер бойынша өзіңді дамытуға, «Спорт және дене шынықтыру» спорт түрлерімен айналысуға, «Дарындар мен дағдылар» әлеуметтік және практикалық дағдыларды дамытуға, ал «Кітап оқу» бағыты жас буындардың кітапқа, әдеби шығармаларға қызығушылығын оятуға бағытталған.
Әр аптадағы нәтижеге қол жеткізу үшін қатысушы еңбектенеді, алға қарай ұмтылады. Осы ұмтылыс арқылы жас буынның бойына жақсы қасиет қалыптасады. Жастардың кітап оқуға ынтасы бәсең екенін баршамыз білеміз. Ал осы жоба менің көркем шығармаға деген қызығушылығымды арттырып, жоба аяқталса да кітап оқуды әлі жалғастырып келемін. Бұл да жобаның пайдалы жағы деп ойлаймын.
Ең басты айта кететін жағдай, бағдарлама арқылы көптеген достар таптым. Қола деңгейінің алғашқы жеңімпаздарын желтоқсан айында аймақ әкімі марапаттады. Ақпан айында марапатталатын үздіктердің тізімі қаңтар айының жиырмасыншы жұлдызында шықты. Жобаға қатысудағы мақсатым орындалып, қола деңгейінің медалін қанжығама байлағалы отырмын. Бұл – менің жобада өткізген алты айдағы табысым. Жобада тәлімгер мен қатысушының арасында тығыз байланыс болды. Осы орайда, өз қатысушыларына барынша қолдау көрсеткен тәлімгерім Рахманқұлова Камшат апайыма және жоба ұйымдастырушыларына Қазақстан жастарына осындай мүмкіндік – керемет жоба үшін алғысымды білдіремін.
Жас дос, сенің де қатысуыңа болады. Еш ойланбай, өзіңді дамытуға мүмкіндік беретін жобаны қолға ал! Ендеше, сәттілік!
Әлия ТӘЖІБАЙ,
№3 мектеп-лицейдің
11 сынып оқушысы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!