Қолданушылар саны артқан сайын әлеуметтік желінің қызмет аясы кеңеюде. Биыл «Statcounter Global Stats» анализ жасау сайтының есептеуі бойынша желі пайдаланушыларының саны 3,8 миллиардты құраған. Көш басын Facebook бастап тұр. Одан соң екінші орында YouTube, үздік үштікті Instagram әлеуметтік желісі аяқтайды. Бүгін біз миллиардтан астам қолданушысы бар Instagram желісіндегі жұлдыздарды және желінің артықшылығы жайлы толығырақ тарқататын боламыз.
Instagram – сауда-саттық алаңы. Желі арқылы жеке кәсібін дөңгелетіп отырғандар аз емес. Бірақ оқырманға жүйелі ақпарат берудің өзі үлкен еңбекті, ұзақ уақытты талап етеді. Оның күнделікті «сториз» түсіру (қысқа видеоны, суреттерді жүктеуге мүмкіндік беретін функция, 24 сағаттан кейін өшеді), сурет өңдеу, бейнеролик жариялау, соларға лайықты мәтін жазу және басқа да толып жатқан жұмысы бар. Бұл сәйкесінше сторисмейкер, визуалмейкер, копирайтер, SMM мамандарының қалыптасуына әкелді. Қазір таргетолог, маркетологтардың дәуірі жүріп тұрған заман десек те болады. Бұл термин сізге таныс емес шығар. Дегенмен, Instagram қолданушылары осы мамандардың уысында.
Аталған желі арқылы көп табыс әкелетін сала – инфобизнес. Бұл – жалпақ тілмен айтқанда, ақыл сату. Тегін емес, ақысына, яғни дипломы бар дәрігер, мұғалім, заңгер немесе журналист білімін Instagram арқылы бөлісіп, оны қосымша табыс көзіне айналдыруына болады. Қарапайым мысалдар келтірсек. Танымал экономист, блогер, «Баспанаға бағыт» авторлық бағдарламасының жүргізушісі Дәулет Мұқаев бүгінде өзінің 1 миллион 800 мың оқырманы бар @dauletten
парақшасында баспаналы болудың жолын жіті түсіндіреді. Тіпті, оның парақшасы бұған дейін 36 млн теңгеге бағаланған. Бұл жайлы блогер «Бір адаммен кездестім. Кәсібінде миллиондар айналымда. Қысқасы, менің парақшамды сатуды сұрап отыр. Зерттеуінше оқырмандарым өте белсенді. Парақшаны бағалаған құны – 28 млн теңге. Иә, тек Instagram 28 миллион теңге. Ал телеграм каналымды 3 миллион, ютубымды 5 миллионға сұрап отыр. Сонда барлық платформа жиыны – 36 миллион теңге. Бірақ сіздерді қимай отырмын» деген ой бөлісті. Оқырмандардың көбі бас тартуды сұраған екен, «Дәулет,осы оқырмандарыңыз артқан сенімнің арқасында Дәулет болып тұрсыз» деген мәтіндегі пікірлер жиі кездеседі. Қазір блогердің аккаунты өзінде қалды. Тұрғын үйге қатысты бағдарлама, ипотека, базалық мөлшерлеме туралы банк менеджерінің айтқанына түсіне қоймасаңыз, сіз де осы парақшаға көз қырыңызды салып қойсаңыз болады.
Оқырмандардың әлем елдерін аралап, көргенін көркем түрде жеткізе алатын саяхатшы, психолог Динара Болаттың (@dinarabolat) парақшасына жиі қонақтайтынын білдік. Бүгінде оның парақшасында 80 мыңға жуық жазылушы бар. Саны аз болғанмен, сапасы мықты, парақшада пайдалы дүние көп. Мұнда оқырман маманның психологиялық кеңестеріне жүгіне алады, 40-тан астам елге сапарлаған жиһанкездің әлем елдерінің тарихы мен қазіргі жағдайын салыстыра беретін мазмұнды ақпаратын парақтайды. Бастысы, блогер қай елге барса да, колорит көшелерде жиі жүретіні білінеді. Бұл бір бай дүкендер мен мейрамханаларға толы жарқырап тұрған көше емес, қарапайым адамдар қаумалаған, тыныс-тіршілігі қыза түскен орта десек болады. Парақшада велосипедпен сүт тасып жүрген қарияны, қуана жүгіріп келе жатқан баланы, шай сатып отырған әйелдің әдемі бейнесін кезіктіресіз. Яғни, осы арқылы шынайы құбылысты көруге мүмкіндік бар. Бұдан бөлек, парақшадан Динараның көпті құлазытқан постын байқадық. Блогер саяхат турын жиі ұйымдастырады, сондай тур кезінде бір топ адаммен Францияға сапарлаған. Жоспар бойынша Эйфель мұнарасы, Люксембург, Нотр-Дам-де-Пари шіркеуін көру керек болғані. Алайда Нотр-Дам-де-Париге шыққанда олар шіркеудің өртеніп жатқанын жақыннан көрген. Бұл ретте блогер «Көшеге шыққанымызда, жалпы сол күні қайда барсақ та, француздардың, жалпы еуропалықтардың көңіл-күйі түскенінен бұл шіркеудің қаншалықты маңызды екенін түсіндік» деген мәтінде жазба қалдырған және оған мыңдаған оқырман пікір білдірген. Жалпы, блогердің оқырманмен кері байланысы күшті. Жақында психолог осындай оқырманының «Ғаламторда жағымсыз пікір жазушылар мен «диван батырларының» көбеюіне не себеп?» деген сауалына төмендегідей жауап берген болатын.
«Қазақтілді блогер болғандықтан, орыстілді ортамен ылғи да салыстырып отырамын. Оны өзімнің посттарымда да жазып отырамын. Қазір орыстілді аудиториядағы блогерлер мен журналистердің заманы жүріп тұр, олар жоғары сұранысқа ие, көтерген мәселелері оң шешім тауып жүр. Себебі орыстілді аудитория бізге қарағанда ой-пікірін объективті жеткізіп, белсенді араласа алады. Ал қазақтілді аудитория көп жағдайда жұлдыздардың өмірін бақылау, той-думан сынды ұсақ әңгімелерден аса алмай жүр. Осының өзінен-ақ біздің аудитория неге жағымсыз пікірге бейім, неге осындай сауатсыздық, мәдениетсіздік танытады деген сұраққа жауап ала аламыз. Мен нақты пайыздық үлесінен хабарсызбын, бірақ білуімше мұндай көрсеткіште біз орыстілді аудиториядан төмен қалып отырмыз», – деген еді блогер.
Өзгеріс ойдан басталатынын әрбір аудармасы айқындап тұратын журналист, аудармашы Шынар Әбілданың да Instagram-да өз оқырманы қалыптасқан. Бастысы, ол өз өмірін жарнамалаудан аулақ. @shinarabilda парақшасынан ізгілікке шақыратын әңгіме, «жып-жылы» жазбаларды оқып, ой түюге болады.
Елімізде несиені оңды солды таратып, онысы қайтпай жатқан банктер саны көбейген. Сол себепті қаржы институттарының проблемалық несие протфелі шегінен асып кеткен. Ал соңғы жылы несиесін 90 күнненастам төлемегендердің қарызы 120 миллиард теңгеге өскен деген дерек бар. Мамандар қаржылық сауаттылықты арттыру қажет деп дабыл қағуда. Бұл ретте заңгер Гүлмира Қарасайдың 270 мың жазылушысы бар @gulmiraqarasai парақшасын парақтау артық етпейді. «Банк қызметкері мен алаяқты қалай ажыратуға болады?», «Несие рейтингі», «Кәсіподақтан бас тартсам, премия төлемей ме?» деген сұрақтардың жауабын осы жақтан таба аласыз. Бұдан бөлек, блогер «Тиімді несие», «Нотариустың атқарушылық жазбасының күшін жою», «Ақша бар! Қарыз жоқ», «Қарыздан құтыл. Қосымша табыс көздері» секілді онлайн курстар өткізеді.
Карантин кезінде дәрігерлер тегін консультация жасағанын білеміз. Бірақ бұған дейін де Instagram-да көмек сұраған жанға қашықтан қол созған ақ халаттылар бар. Желідегі сондай парақшалардың бірі – @dariger_aziza. Педиатр-дәрігер парақшасында диагностикалау, емдеу және алдын алудағы негізгі мәселелерді саралап жазады. «Баланың иммунитеті жақсы болу үшін, біріншіден, дене шынықтырумен айналасу керек. Екіншіден, тиімді тамақтану қажет, үшіншіден, таза ауада ұзақ серуендеген жөн және ең маңыздысы ата-ананың балаға деген махаббаты берік болғаны дұрыс» деген секілді кеңестерді мұнда көп кездестіресіз және ол желіде дәлелденбеген емдеу шарасын жүргізетіндермен ашық күреске шыққан. «Инстаграмда медициналық білімі жоқ, сертификаты да жоқ кей адамдар өзін дәрігер ретінде көрсетіп, түрлі ем жасайды екен. Курс, марафондар өткізеді, көпшілікке кеңес береді. Медициналық сауаты жоқ халық соларға сеніп, емделеді. Мен бірнеше жалған дәрігерді көрдім. Олардың аудиториясы үлкен, – дейді балалар дәрігері. Бастысы, Әзиза қазақ тілінде бала денсаулығы туралы блог бастағаннан бері сәл де болса нәтиже болғанына сенімді. Оның айтуынша, көптеген ата-ана ризашылығын білдіріп, дәрігердің жазбасы көп көмек болғанын жиі айтады.
Сондай-ақ жерлесіміз, белгілі кондитер, «Balzere school» мектебінің негізін қалаушы Әсел Жұматайдың да парақшасын жұрт іздеп оқиды. Бастапқы кезде Әселде тамақ пісіру арқылы табыс табамын деген ниет болмаған екен. Оларды сатамын, табысты боламын деп те ойламаған. Алайда, еңбек бәрін жеңген. Ізденістің арқасында Әселдің @zhumatayassel парақшасы миллион аудитория жинады, қазір ол жолдасымен бірге жеке кондитерлік мектебін ашты. Айтуынша, бүгінде табысы 1,5 миллион теңгеден жоғары.
Мақала соңында Instagram-ның тағы бір тиімді тұсын тілге тиек етсек. Оның жарнама тартуда көмегі зор. Желіні ашсаңыз, бір пост жариялап, қыруар қаражат қармап қалатындардың саны күн санап артып келе жатқанын байқайсыз. Бұл сөзімізге парақшасында бұрын 5, қазір 2 жарым миллион оқырманы бар «Супермамасита» деген атпен танымал Әлия Байтоғаева есімді блогер дәлел. Жақында ол жарнама жасап, 1 миллион теңге көлемінде табыс табатынын жасырмады.
«Ыдыс-аяқ, киім-кешекті жарнамалағаным үшін миллион аламын. Үш және одан да көп «сториз» түсіремін. Бірақ мен жарнама берушіден ақшаны алдым, әрі қарай не болатыны маған қызық емес деген көзқарасты ұстанбаймын. Жарнама берушінің өнімін сатып алу үшін жандүниемді саламын. Мен үшін кері байланыс өте маңызды», – дейді блогер.
Айта кетейік, бұған дейін Әлия Байтуғаева 5 миллион оқырманы бар Instagram-парақшасынан айырылды. «Аккаунтым енді қайта ашылмайтынын жаңа білдім. Тіпті елестете алмаймын. Мен оған бес жылымды арнадым. Сенбеймін. Бұл қалай болғаны?», – деп бейнежазба жариялағаны да есте.
ТҮЙІН. Бұл желіде жұлдыздар да белсенді екенін айтпай кеткен айып. Өткен жылы 19,1 млн фолловер жинаған Ольга Бузова рекорд орнатты. Осылайша, оқырманы көп ресейлік танымал тұлға атанды. Әншінің ізін ала тізімге 18,4 млн-дық аудиториясы бар жекпе-жек шебері Хабиб Нурмагомедов жайғасты. Парақшасына 14,5 млн адам жазылған рэпер Тимати үшінші орында келеді. Отандық жұлдыздар ішінен оқырмандары көп адамдар ішінде Қайрат Нұртас бар. Екінші орында – Ерке Есмахан. Әнші Қайраттан 100 мың фолловермен артта қалып отыр. Бұдан бөлек, продюсер Баян Алагөзова 3,9 млн, боксшы Геннадий Головкин 3,8 млн, әнші Аша Матай 3,7 млн фолловер жинап, оқырмандары көп жұлдыздар көшін бастап тұр. Фолловер санын көбейту мақсатында желіні желпіп тұратын танымал адамдар да жоқ емес. Айтпағымыз, арасында «Супермамасита» секілді жарнамадан көл-көсір пайда табатыны көп. Қалай десек те, Instagram-ның бәсі жоғары екенін мойындау қажет. Жоғарыда айтқанымыздай, жолын таба білсеңіз, Instagram – сіздің қолыңыздан келетін істі де табысты бизнеске айналдыруда көмек.
Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!